Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған Almaty Summer Fest фестивалінің алғашқы маусымы аяқталды. Жаз бойы Алатау ауданындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алаңында ашық аспан астында 13 концерт өтті.
Фестиваль бағдарламасында мемлекеттік мерекелер мен қазақ мәдениетінің көрнекті тұлғаларына арналған арнайы кештер де болды. Жоба аясында Домбыра күні, Астана күні және Абай күніне арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай музыкалық кеш өтті.

Фестиваль сахнасында Дос-Мұқасан, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Мәдина Сәдуақасова, Қайрат Нұртас, MuzArt, Жанар Дұғалова, Мирас Жүгінісов, Kalifarniya, Turar, Alem, Bayansulu, Садраддин, Ерке Есмахан, Нұржан Керменбаев және басқа да отандық өнерпаздар өнер көрсетті.





Жоба барысында экологиялық мәдениетке де назар аударылды. Концерттер кезінде «Таза Қазақстан» акциясының құндылықтары насихатталып, көрермендерге іс-шара аяқталғаннан кейін аумақ тазалығын сақтауға үндеу жасалды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаз бойы фестивальге 300-ден астам өнерпаз қатысып, 1 мыңнан астам ән орындалған. Концерттерді 250 мыңнан астам көрермен тамашалады. Ал әлеуметтік желілерде фестиваль туралы жарияланған материалдардың жалпы қаралымы 50 миллионнан асты.

Almaty Summer Fest қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени іс-шараларға ашық аспан астында қатысуға мүмкіндік беріп, жазғы демалысты мазмұнды өткізуге бағытталды.
