SteppeNews.kz: Алматыдағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде мектеп түлектеріне арналған «Медиа экспедиция: Алматы фокуста» атты журналистика бойынша көктемгі мектеп өз жұмысын бастады. Үш күнге созылатын танымдық жоба абитуриенттерге медиа әлемінің қыр-сырын ұғындырып, мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруді көздейді.

Алғашқы күн: Тарих пен тәжірибе ұштасқан сәт
Іс-шараның алғашқы күнінде кафедра басшылығы жас талапкерлермен жүздесіп, алдағы үш күндік бағдарламаның жоспарымен таныстырды. Бұл тек дәріс емес, нағыз практикалық алаң болатынын атап өтті. Одан кейін ұйымдастырушылар оқушыларды университеттің бай тарихымен танысытырды. Болашақ студенттер оқу орнының музейлерін аралап, білім ордасының қалыптасу жолын көрді.

Дина Төлепбергеннен шеберлік сағаты
Күннің ең айтулы сәті — танымал журналист, медиа саласының майталманы Дина Төлепбергенмен кездесу болды. Өзінің еңбек жолындағы қызықты да қиын сәттерін ортаға салған спикер, кәсіби журналистке қажетті қасиеттер туралы ой бөлісті. Одан бөлек 13 жыл тарихы бар «Астарлы ақиқат» жобасы жайлы сөз қозғады. Айтуынша алғашында ақпараттық форматты басталған бағдарлама, кейінгі 6 жыл ішінде Қазақстанның ең рейтінгісі жоғары және басты ток-шоуына айналған.

Біз мыңдаған адамдардың тағдырына үңіліп, күрделі мәселелердің шешімін таптық. Бұл жобаның табысы — шындыққа деген адалдық пен көрерменнің шынайы сенімінде жатыр.

Шеберлік сағат соңында талапкерлер өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Топ арасында белсенділік танытып өз пікірін ашық айтқан бір оқушыға Дина Төлепберген өз «13 ақиқат» атты кітабын сыйға берді.
Және ең маңыздысы жас журналисттерге мына бір үш кеңесті айтты:
Сұрақ қоюды үйрен — «неге» деген сөзді жиі қолдан.
Күмәндан — көргеніңнің бәріне сенбе, әрқашан тексер.
Бақыла — адамдарды, қоғамды және ұсақ детальдарды көре біл.
Алда не күтіп тұр?
«Медиа экспедицияның» алғашқы күні тек бастамасы ғана. Ертең қатысушыларды тағы бір «құпия қонақ» күтіп тұр. Ұйымдастырушылар есімін әзірге жария етпеген бұл тұлғамен де мазмұнды тәжірибе алмасу кеші өтеді деп жоспарлануда.
Ал жобаның үшінші күні тіпті ерекше болмақ. Жас тілшілер тәжірибелі журналистермен табиғат аясында, еркін форматта кездеседі. Мұндай бейресми жағдайдағы сұхбат оқушылардың мамандыққа деген қызығушылығын арттырып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік береді.
«Медиа экспедиция: Алматы фокуста» — бұл тек білім емес, бұл — болашақ әріптестердің алғашқы кездесу нүктесі. Алдағы күндер жас талапкерлер үшін жаңалықтар мен шабытқа толы болмақ.

