STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, медициналық ұйымдардың нақты қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілген жоспарлау, өтпелі қорларды саралау және сатып алу тетіктерін жетілдіру нәтижесінде 2025 жылы дәрілік заттарды сатып алу тиімді жүзеге асырылды. Соның арқасында халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік туа отырып, бюджет есебінен 85 млрд теңгеден астам қаражат үнемделді.
Үнемделген қаражат жыл ішінде емі тағайындалған жаңа пациенттерді қоса алғанда, дәрілік заттардың қосымша көлемін сатып алуға бағытталды. Ал 2026 жылы «СҚ-Фармация» ЖШС 2 мыңнан астам атаудағы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды жоспарлап отыр. Медициналық ұйымдарға жеткізу қаңтар айының алғашқы күндерінен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, бұл жыл басынан бері дәрі-дәрмекпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2025 жылы алғаш рет Бірыңғай дистрибьютор 21 млрд теңге көлемінде төмендетілмейтін қор қалыптастырды. Бұл қор дәрілік қамтамасыз ету жүйесінің 2–3 айлық қажеттілігін жабуға және сұраныстың жоспардан тыс артуына жедел әрекет етуге арналған. Аталған қор есебінен 2025 жылдың тамыз және қараша айларында медициналық ұйымдардан жалпы сомасы 8,5 млрд және 4,4 млрд теңгені құрайтын қосымша өтінімдер қабылданды. Бұл сатып алулар жаңадан анықталған пациенттерді қамтуға, сондай-ақ жекелеген дәрілік препараттар бойынша уақытша тапшылықтың орнын толтыруға бағытталды.
Қабылданған шаралар қант диабеті, онкологиялық аурулар, ағза трансплантаттау және гемофилия секілді әлеуметтік маңызы бар дерттер бойынша емнің үздіксіз жүргізілуін қамтамасыз етті. Жыл ішінде бірқатар медициналық ұйымдарда қант диабетін емдеуге арналған дәрілерге қосымша қажеттілік туындап, бұл өтінімдер жедел тәртіппен қаралды. Нәтижесінде қажетті препараттар төмендетілмейтін қор есебінен ауруханалар мен емханаларға уақытылы жеткізілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда барлығы 382 трансплантаттау жасалған, оның ішінде 2025 жылы қосымша 31 жаңа пациент тіркелген. Бұл науқастарға арналған дәрілік заттар да шұғыл түрде сатып алынып, жеткізілді.
Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік қамтамасыз ету саласында жеткізілімдердің тұрақтылығын арттыруға, жоспарлау мен сатып алу үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәрілік препараттарды әрбір пациентке дейін нақты әрі уақтылы жеткізуге бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасып жатқанын атап өтті.