STEPPENEWS.KZ: Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 3,6 миллион адам МӘМС жүйесіне қатыспайды. Олардың ішінде 1 миллионға жуығы әлеуметтік осал санатқа жатады — яғни тұрмыстық жағдайы дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейде, әрі МӘМС жарнасын өз бетінше төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтар.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл санаттағы тұрғындар үшін МӘМС жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Нәтижесінде олар сақтандырылған мәртебеге ие болып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында қажетті медициналық қызметтерді ала алады.
Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар үшін де жарналар жергілікті бюджет есебінен өтеледі. Бұған дейін бұл шығындар республикалық бюджет арқылы қаржыландырылып келген.
Айта кету керек, сақтандырылған мәртебесі бар азаматтарға диагностикалық тексерулер, дәрігерлердің кеңесі, жоспарлы операциялар, емдеу және оңалту қызметтері МӘМС шеңберінде тегін көрсетіледі. Медициналық көмек алу үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркелуі тиіс.

