Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония астанасында қазақстандық кәсіпқой сумошы Ерсін Балтағұлмен кездесті.
Мемлекет басшысы Жапонияда білім алып, он жылдан астам уақыт бойы халықаралық ареналарда табысты өнер көрсетіп келе жатқан спортшыны еліміздің зор мақтанышы деп атап өтті. Сондай-ақ Президент бүгін Жапония Императоры Нарухитомен болған кездесу барысында балуанның спорттағы жетістіктері жөнінде әңгіме қозғалғанын жеткізді.
Ерсін Балтағұл кәсіби сумода Кимбозан лақап атымен танымал. Бұл атау атақты бапкер, өз сумо мектебін қалыптастырған ояката Кисенің туған өлкесі — Кумамото префектурасындағы тау атауымен байланысты.
