Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сингапурдың Аға министрі Ли Сянь Лун кездесті. Тараптар екіжақты байланысты одан әрі дамыту, инвестиция тарту, көлік-логистика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сянь Лунның Қазақстанға алғашқы сапарының тарихи маңызына тоқталды. Президент осыдан 35 жыл бұрын, 1991 жылдың қыркүйегінде Сингапурдың негізін қалаушы премьер-министрі Ли Куан Юдың Қазақстанға келгенін еске салды. Оның айтуынша, сол сапар екі ел арасындағы қазіргі қарым-қатынастың негізін қалаған.

Президент Қазақстан мен Сингапур арасындағы саяси диалогтың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Қазір Қазақстанда Сингапур капиталы қатысатын 500-ге жуық компания жұмыс істейді. Сонымен қатар екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік мол.
Кездесуде Қазақстандағы инвестициялық ахуалға да ерекше мән берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы бизнес жағдай қалыптастыру елдің басым бағыттарының бірі екенін айтты. Қазақстанда PSA International және Temasek Holdings секілді сингапурлық компаниялар мен қорлар жұмыс істеп жатыр.
Көлік-логистика саласында да бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі қаралды. Президент Астанада жаңа заманауи әуежай салу туралы шешім қабылданғанын айтып, осы жобада Сингапурдың Чанги әуежайының тәжірибесі қызығушылық тудыратынын жеткізді.
Тараптар цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы серіктестікті күшейтуге де келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Елде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланған.

Ли Сянь Лун өз кезегінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерін атап өтіп, елде жүргізіліп жатқан саяси реформаларды қолдайтынын білдірді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы қатынас жаңа сапалы деңгейге көтеріліп келеді. Сондай-ақ Қазақстан компанияларының Сингапур нарығына деген қызығушылығы артып отырғаны айтылды.
Кездесу барысында экономика, «ақылды» қалалар, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, аса маңызды минералдар және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сянь Лунды Қазақстан мен Сингапур арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

