Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, медиа саласын қолдау шараларының аясы кеңейетінін жариялады. Биыл алғаш рет тек елордалық журналистер ғана емес, аймақтардағы БАҚ өкілдері де баспаналы болады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты жиында мемлекет басшысы журналистердің ел өміріндегі ерекше рөліне тоқталды. Президенттің айтуынша, медиа өкілдері қоғамды жедел ақпараттандырып қана қоймай, халықтың көңіл-күйін дөп басып, жұртшылықты толғандырған ең өзекті мәселелерді көтеріп келеді.
«Журналистердің басты міндеті – қоғамды ақпараттандыру, халықтың мұң-мұқтажы мен арман-тілегін жеткізу. Сіздер елді толғандырған ең өзекті мәселелерді көтеріп, халық мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ел игілігі жолындағы қажымас еңбектеріңізді жоғары бағалайды», – деді Президент.
Фото: Акорда
Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымының конституциялық реформаны жүргізуге және жаңа Конституцияны қабылдауға қосқан үлесін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, отандық БАҚ азаматтарға Конституциялық комиссияның жұмысы, түзетулерді талқылау және жалпыхалықтық референдумның өткізілу барысы туралы жан-жақты әрі сапалы ақпарат таратты.
«Осының бәрі журналистер қауымын қабылданған Негізгі Заңның тең авторларының қатарына қосуға толық құқық береді», – деді мемлекет басшысы.
Президент цифрлық трансформация заманында да дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары өзінің маңызын жоғалтпайтынын, бұған кәсіби журналистика, сапалы сараптама мен ақпараттың шынайы берілуі кепіл екенін қадап айтты.
«Газеттер мен телеарналар уақыт талабына сай табысты дамып, жаңа форматтарды игеріп, инновациялық мультимедиалық платформалар құруда», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Акорда
Мемлекет басшысы медиа саласы қызметкерлерін қолдау шараларының ауқымы кеңейетінін де сүйіншіледі. Президенттің тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда еңбек етіп жүрген журналистерге пәтер беріледі. Жалпы ел бойынша ақпарат саласының 66 қызметкері баспанамен қамтамасыз етілмек.
Сонымен қатар, Президент Қазақстан журналистикасы мен телевизиясының дамуына елеулі үлес қосқан медиа саласының үздік өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Марапатталғандардың қатарында сала ардагерлері мен отандық БАҚ-тың өркендеуіне зор еңбек сіңірген танымал журналистер бар.
Фото: Акорда
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ қызметкерлеріне ел дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтып, журналистер қауымы бұдан былай да қоғамдық бірлікті нығайтуға, «Заң мен Тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын ілгерілетуге атсалыса беретініне сенім білдірді.
Свидетельство о постановке на учет периодического печатного издания, информационного агентства и сетевого издания KZ31VPY00089099 от 15.03.2024 г. Выдано Комитетом информации Министерства информации и коммуникаций Республики Казахстан