STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы елдегі инфляция деңгейіне қатысты Үкімет пен Ұлттық банкке қатаң талап қойып, жағдайды шұғыл түрде тұрақтандыру қажет екенін айтты. Президенттің сөзінше, инфляцияны ойға қонымды, қалыпты деңгейге түсіру – экономикалық саясаттың басты басымдықтарының бірі болуы тиіс.
Президент инфляцияның жоғары болу себептері белгілі екенін атап өтті. Қазіргі таңда негізгі түйткілдер анықталған, енді басты міндет – сол мәселелерді тиімді әрі уақтылы шешу. Алайда қабылданатын шаралар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етпеуі қажет.
«Үкімет пен Ұлттық банкке бірлесіп нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді тапсырамын. Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, инфляцияны төмендету үшін биылдан бастап кемінде үш жыл қатарынан жүйелі әрі нақты шаралар қабылдануы керек. Бұл бағытта қабылданатын бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызға ие.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәселені шешудің орнына артық әңгіме мен нәтижесіз «жол карталарын» көбейту жауапкершіліктен жалтару екенін қадап айтты. Мұндай жағдайға жол берілмейтінін ескертіп, қажет болған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын жеткізді.
Президент нақты нәтижені халықтың табысы артқан кезде ғана көруге болатынын атап өтті. Оның айтуынша, инфляцияны төмендету – азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі.

