STEPPENEWS.KZ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффт қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты күн тәртібіндегі ауқымды мәселелер бойынша ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайту, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді сапалы жүзеге асырудың маңызына назар аударды.
Өз кезегінде елші АҚШ Президенті Дональд Трамптың ризашылығы мен ізгі тілегін жеткізді. Оның айтуынша, Құрама Штаттар Қазақстанмен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жан-жақты дамытуға мүдделі.
Джули Стаффт елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаларға оң баға беріп, жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдумның табысты өтуіне тілектестік білдірді.
Әңгімелесу барысында Бейбітшілік кеңесі аясындағы ынтымақтастықтың перспективалары да талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құрылым тұрақтылықты нығайтуға, бейбітшілік пен халықаралық диалогты ілгерілетуге арналған тиімді алаңға айналуы тиіс екенін айтты.

