STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі баяндамасын тыңдады.
Әкімнің айтуынша, 2025 жылы Алматының қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіші 12,8 пайызға жетіп, өсім қарқыны жеделдеген. Мемлекеттік бюджетке 6,6 трлн теңге көлемінде салықтар мен міндетті төлемдер түскен.
Кездесу барысында қаланы полицентрлік қағида бойынша дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Атап айтқанда, жаңа іскерлік және IT-кластерлер құру, қоғамдық және рекреациялық кеңістіктерді кеңейту жоспарланып отыр.
Бас жоспарға сәйкес, тығыз құрылысты шектеу, қаладағы ауа алмасуды жақсарту және жасыл аймақтардың аумағын 3,8 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген.
Сондай-ақ, жылдам қоғамдық көлікті дамыту және «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағайды» біріктіру арқылы Алматы тау кластерін қалыптастыру жобасының жүзеге асырылуы туралы мәлімет берілді.
Президент экономиканы әртараптандыру, экологиялық ахуалды жақсарту және қалалық ортаның сапасын арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

