STEPPENEWS.KZ: Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязево ауылында «Creative IT Center» орталығы ашылды. Бұл – өңірдегі жетінші аудандық креативті хаб және ол Qyzyljar Creative Center аймақтық желісінің бір бөлігіне айналды.
Орталықтың ашылу рәсіміне жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білім беру мекемелері, бизнес қауымдастық, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ мектеп оқушылары мен ауданның белсенді жастары қатысты.

Creative IT Center ауылдық елді мекендер тұрғындары үшін креативті индустрияны, цифрлық сауаттылықты және IT-кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Мұнда жастар заманауи технологияларды меңгеріп, цифрлық жобалар әзірлеуге, өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады.

Тимирязев ауданында Creative IT Center орталығының ашылуы Солтүстік Қазақстан облысында креативті және цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі болып отыр. Жоспарға сәйкес, 2026 жылғы 1 наурызға дейін өңірдің барлық аудандарында осындай орталықтарды іске қосу көзделген.

