Елімізде қаңтардың басынан бері теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр. 8-12 қаңтар аралығында көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «Көліктегі қауіпсіздік» атты кең ауқымды акция өтіп жатыр. Айтулы акцияның мақсаты – көлік объектілерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс пен жазатайым оқиғалардың алдын алу. Қаңтардың бірінші онкүндігінде жылжымалы құрамның астына 4 азамат түсті, оның ішінде 2 дерек өліммен аяқталды. Теміржол төсемін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 1 мың 24 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен, 9 қаңтарда Ақмола облысының Қара-Адыр станциясында жүк пойызының машинисі теміржолда бөгде адамның болуына байланысты шұғыл тежеу қолданды. Тексеру барысында көлік полицейлері белгіленбеген жерден темір жолды кесіп өткен Ақмола облысының 69 жастағы тұрғынын анықтады. Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұл баптың санкциясы ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш (11 076 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, – делінген хабарламда. Көлік полицейлері теміржол көлігі объектілеріндегі қауіпсіздік ережелеріне сәйкес белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өтуге тыйым салынғанын еске салады. Теміржолдан өту үшін арнайы жабдықталған жаяу жүргіншілер өткелдерін (туннельдер, көпірлер) пайдалану қажет.