Жезқазғанда балабақша ұйымдары бір нанды 475 теңгеге сатып алған. Дәл осындай схемамен жұмыс істеген 12 мектепке дейін ұйым анықталды, деп хабарлайды Steppenews.kz.
Ұлытау облысында білім беру ұйымдары 85 теңгелік нанды кәсіпкерлерден 475 теңгеге сатып алып келген.
Белгілі болғандай, Жезқазған қаласындағы 12 мектепке дейінгі ұйымда жеке кәсіпкерлерден әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын жоғарылатылған бағамен сатып алған.
Мәселен, килограмы 303 тг болатын қантты 750 теңгеге, 232 теңге болатын қарақұмық жармасын 580 теңгеге, 179 теңге тұратын айранды 450 теңгеге, бір бөлкесі 85 теңге болатын нанды 475 теңгеге, сондай-ақ 43 теңге болатын бір жұмыртқаны 65 теңгеге сатып алған.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде өнім берушімен қосымша келісімдер жасалды, оның қорытындысы бойынша нан, ұн, қант, өсімдік майы, айран, қарақұмық, күріш, сәбіз, пияз, тұз, жұмыртқа және картоп сияқты 12 атауға бағаның төмендеуі қамтамасыз етілді», — делінген Қаржы мониторингі баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Осылайша арнайы шараның нәтижесінде 17 млн теңге үнемделеген.
Айта кетелік, редакция тілшісі Жезқазған әкімдігі мен Ұлытау облысы әкімдігіне қарасты басқармалардың мемлекеттік сатып алу бойынша жұмыс конкурстарына шолу жасайтын болады.