2024 жылдың 19 мамырында Ираннан солтүстік-батысқа қарай, Шығыс Әзербайжан өлкесінде тікұшақ апатқа ұшырап, Иран Президенті Эбрагим Раиси мерт болды. Осыған орай Kazinform ұшақ апатынан қаза тапқан әлемдік көшбасшылар жайында шолу ұсынады.
Автономды Орталық Африка Республикасының бірінші премьер-министрі Бартелеми Боганда
19 ғасырдың соңынан бастап 1958 жылға дейін бұл мемлекет Франция колонияларының бірі еді. Бартелеми Боганда Франция қоғамдастығының құрамындағы Автономды Орталықафрика Республикасының бірінші премьер-министрі болды.
Бастапқыда рим-котолик шіркеуінің діни қызметкері болған Б.Боганда саясатқа халқының өмір сүру жағдайын жақсартып, әлеуметтік әділеттік орнатамын деген нық сеніммен келген-ді.
Ол 1949 жылы Францияның Экваторлық Африка халықтарының құқықтары мен тәуелсіздігін қорғауда шешуші рөл атқаратын «Қара Африканың әлеуметтік эволюциясы» қозғалысын құрды.
Өкінішке қарай, ол Орталық Африка Республикасы ресми түрде Франциядан тәуелсіздік алғанға дейін 1959 жылдың 29 наурызында ұшақ апатынан қайтыс болды.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Даг Хаммаршельд
Бұрынғы швед дипломаты Даг Хаммаршельд 1953 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы болып тағайындалды.
1960 жылы таяуда ғана Бельгиядан тәуелсіздік алған Конго үкіметі Біріккен Ұлттар Ұйымынан елдегі күшейіп келе жатқан зорлық-зомбылықпен күресуге көмек сұрады.
Хаммаршельд Конгоға Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік күштерін жіберді – бұл 1960 жылы қыркүйекте Бас хатшының отставкаға кетуін талап еткен Кеңес Одағы басшылығын айыптаған шешім болатын.
1961 жылғы қыркүйекте Д.Хаммаршельд Конгоның Катанга провинциясына ұшады. Оның ұшағы сол кездегі Солтүстік Родезия (қазіргі Замбия) жеріндегі Ндола қаласына жақын жерге құлайды.
Боливия президенті Рене Баррьентос
Генерал Баррьентос 1964 жылы мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікке келді.
Баррьентос тұсында елдің қарулы күштері кез келген оппозициялық қозғалыстарды, оның ішінде Че Гевара бастаған көтерілісті басып тастады. Боливия армиясы 1967 жылы қазанда Че Гевараны тұтқынға алып, өлім жазасына кесті.
Президент Рене Баррьентос 1969 жылы сәуірде өзі ұшқан тікұшақ Кочабамба провинциясында апатқа ұшырағаннан кейін қайтыс болды. Ресми тергеу комиссиясы ұшақтың электр сымына соғылғанын анықтағанымен, Боливияда тікұшақ атып түсірілді деген қауесет тараған.
Португалияның премьер-министрі Франсишку Карнейру
1974 жылғы қалампыр төңкерісінен кейін билікке келген саясаткер Португалия премьер-министрі 1976 жылдан бері экономикалық және саяси реформаларды қарқынды жүргізді.
1980 жылы 5 қазанда Карнейроның партиясы кірген Демократиялық альянс сайлауда жеңіске жетті.
Франсишку Карнейру 1980 жылы 4 желтоқсанда Cessna 421 Golden Eagle жеңіл қос қозғалтқышты ұшағының апатында қайтыс болды. Тергеу ұшақтың техникалық жағдайы нашар екенін көрсеткенімен, саясаткердің өліміне қатысты көптеген қауесеттер мен қастандық теориялар тарады.
Панама президенті Омар Торрихос
Билікте болған кезде ол популистік саясат жүргізіп, Америка Құрама Штаттарымен Панама каналы аймағының егемендігін Панаманың өз қолына біртіндеп беру туралы келісімге қол жеткізді.
Торрихос Америка Құрама Штаттарының қолдауына ие болды, өйткені ол коммунизмнің жалынды қарсыласы болды. 1981 жылы шілдеде оның ұшағы қолайсыз ауа райы жағдайында апатқа ұшырады.
Мозамбик президенті Самора Машел
Ол азаттық қозғалысын басқарды және 1975 жылы тәуелсіз Мозамбиктің бірінші президенті болды.
1986 жылы президент ұшағы Мозамбик пен Свазиленд шекарасына жақын Оңтүстік Африка аумағында тауға құлады. Тергеу комиссиясы апатқа ұшқыштың қателігі себеп болғанын анықтады.
Пәкістан президенті Мухаммад Зия-уль-Хак
Ол әскери төңкеріс нәтижесінде билікке келді және Кеңес одағының Ауғанстанға басып кіруі кезінде антикеңестік моджахедтер көтерілісін қолдауда танылды.
1988 жылы 17 тамызда ұшақ апатынан қайтыс болды.
Тергеу комиссиясы апаттың ең ықтимал себебі диверсия деп болжағаны есте.
Руанда президенті Жювеналь Хабьяримана
Ол 20 жыл президент қызметін атқарды және тутси этникалық аз халықтарға қарсы саясат жүргізді.
1994 жылғы 6 сәуірде Бурунди президенті Сиприен Нтарьямира мінген оның ұшағы зымыранға ұшырап, қаза тапты. Екі президенттің де өлтірілуі Руандадағы этникалық тутсилердің геноцидіне, одан кейін этникалық хуту үкіметінің құлауына түрткі болды.
Македония президенті Борис Трайковский
Македония президенті 2004 жылы ақпанда Beechcraft Super King Air 200 ұшағы бортында Босния мен Герцеговинадағы тауға құлап, апат болуына орай қайтыс болды, апаттың себебі нақты белгісіз.
Борис Трайковский саясатқа Македония тәуелсіздік алғаннан кейін келді. Оның қызметі этникалық македондықтар мен этникалық албандар арасындағы шиеленістің күшеюіне әкелді. Ол 1999 жылғы сайлауда шамамен 90 пайыз дауыс жинаған танымал саясаткер болды.
Польша президенті Лех Качиньский
Польша президенті 2010 жылғы 10 сәуірде Екінші дүниежүзілік соғыстың басында Кеңес басшылығы тарапынан өлтірілген поляк офицерлерін еске алу кешіне қатысу үшін Катынь қаласына бара жатқанда, Смоленск түбінде ұшақ апатынан қайтыс болды.
Президент мінген Ту-154 қону кезінде сырғанау жолынан төмен болды, оның қанаты ағаштарға тиіп, ауада ыдырап, жерге құлады. Ұшақта президентпен бірге көрнекті поляк саясаткерлері, жоғары лауазымды әскери қызметкерлер, сондай-ақ белгілі қоғам және дін қайраткерлері болған еді.
Иран президенті Ибрахим Раиси
2024 жылдың 19 мамырында Шығыс Әзербайжанның таулы провинциясында тікұшақ апатынан Иран президенті Ибрахим Раиси мен Сыртқы істер министрі Хосейн Амир Абдоллахиян қаза тапты.
Апат салдарынан Тебриз мешітінің имамы Мұхаммед Әли әл-Хашем, Шығыс Әзербайжан провинциясының басшысы Малик Рахмати, тікұшақ экипажы мен күзетші де қаза тапты.
Иран президентінің кортежіндегі үш тікұшақтың бірі ауа райының қолайсыздығынан тау шыңына соқтығысуы мүмкін деген болжам айтылады. Дегенмен, әзірше апаттың ресми себебі расталған жоқ.
Апат алдында делегация мүшелері Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен екі ел шекарасында келіссөз жүргізген болатын.