Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі жалпы сомасы 1 млрд 220 млн теңге болатын қаржыға он құтқару қайығын сатып алмақ. Алайда қымбат қайықтар су тасқынынан ең қатты зардап шеккен батыс өңірлерге жеткізілмейді, деп хабарлайды SteppeNews.kz порталы.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Төтенше жағдайлар министрлігі лот жариялап, 2024 жылы 15 мамыр күні тараптар өзара шарт жасасқан.
Ашық конкурс негізінде өткен лоттың жеңімпазы — «Жарма Құрылыс-Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания басшысы Елдос Есеркенов деп көрсетілген.
Шарт мәтінінде келісімнің Үкіметтің 2020 жылғы 23 қазанда No 701 қаулысымен бекіткен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы Ереже негізінде құрылғаны көрсетілген.
Шартта көрсетілгендей бір қайықтың құны — 122 080 000 теңге. Қайықтар 2024 жылғы 1 желтоқсанға дейін Қазақстанның бірнеше қалаларына жеткізілуге тиіс. Атап айтқанда Петропавл, Семей, Көкшетау, Қонаев, Өскемен, Талдықорған, Павлодар, Қарағанды, Алматы, Түркістан қалалары.
Алайда су тасқынынан қатты зардап шеккен аймақ санатындағы Батыс өңірдегі Құлсары, Атырау қалалары аталған тізімде жоқ болып шықты.
SteppeNews.kz редакциясы аталған сауал бойынша Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сауал жолдап, бюджет қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалуын сұрайды.
Айта кетелік, биыл Қазақстанның су басқан 10 облысында төтенше жағдай жарияланды. Президент Тоқаев елдегі су тасқынын көлемі жағынан соңғы 80 жылдағы ең ірі табиғи апат ретінде атады.