Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы шаруашылықтардың бірінен 7,6 млн теңгенің гербициді ұрланды. Серіктестік басшысы препараттың ұрланғандығын полицейлер күдіктіні ұстаған кезде ғана білген.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел ақпаратпен жұмыс істеудің арқасында күдіктілерді анықтап, ұстаған.
Тамыз айында Жамбыл ауданында тәртіп сақшылары облыс прокуратурасымен және 6637 әскери бөлімі «Б» тобының қызметкерлерімен бірге 29 жастағы петропавлдық басқарған Toyota Prado автокөлігін тоқтатады. Автокөліктен жалпы көлемі 200 литр болатын 40 канистр гербицид табылды.
«Қызылжар ауданындағы қоймадан тағы бір партия препарат табылды, ал Петропавлдағы жалға алынған автотіркемеден біздің қызметкерлер ұрланған гербицидті құю үшін дайындалған бос канистрлерді тәркіледі. Ұрлықты жасады деген күдікпен кәсіпорынның 31 жастағы жұмысшысы ұсталды. Ұрланған гербицидтердің жалпы көлемі 460 литр. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке осылайша 7,6 млн теңге шығын келтірген», — дейді СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Асқар Мұхаметқалиев.
Ірі көлемде бірнеше рет ұрлық жасағаны үшін енді күдіктілер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұрланған мүлік тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін заңды иесіне қайтарылады.