Бас прокуратураның мәліметінше, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің ісі сотқа жіберілді, деп хабарлайды QzTimes ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
«Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеу қызметі Самат Әбішке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтап, сотқа жолдады», — делінген хабарламада.
Осы қылмыстық іс аясында Самат Әбіш ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билігі мен қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы жазбаша түрдегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іске қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Самат Әбішке қатысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеген еді.
Еске салайық, Самат Әбіш 2022 жылдың 17 қаңтарында ҰҚК басшысының орынбасары қызметінен босатылды. ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасарына қатысты тергеу барысында Самат Әбіштен куәгер ретінде жауап алынды. 2023 жылдың 19 қыркүйегінде Бас прокуратура Әбішке қатысты іс ашылғанын хабарлады.