«ISA Group» ЖШС салымшылары Тоқаевқа видео үндеу жолдады. Жолдауда тұрғындар осыдан төрт жыл бұрын тапсырамыз деп уәде еткен үйлерінің құрылысын аяқтауды тездетуді сұраған, деп хабарлайды Steppenews.kz.
Олардың айтуынша, компания «Сұлтан», «Мұрагер» және «Аққала» тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауға тиісті болған. Қазір жалпы саны 800-ге тарта отбасы зардап шегіп отыр. Компанияның техникалық директоры мен оның орынбасары тергеу изоляторында. Алайда құрылыс ұйымының бас директоры бостандықта жүр.
Тұрғындардың айтуынша, бірнеше жыл қатарынан құзырлы органдарға арыз түсіргенімен, нақты нәтиже болмай келеді.
«Біз «Сұлтан» тұрғын үй кешенінің салымшыларымыз, құрылыс компаниясы – «ISA Group» ЖШС. Қаламыздың әкімдері, прокурорлар мен судьялары қала тұрғындарының пайдасына шешпей отыр, сол себепті мемлекетіміздің Президентіне жүгінуден басқа амалымыз жоқ. Қазір құрылыс салушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып жатыр, бірақ бас бас директор бостандықта, үйімізді кім салатынын білмейміз. Тұрғындар 4 жылдан бері баспанасыз отыр: пәтер жалдап тұрады, қайтыс болғандар бар, жүйке ауруынан инсульт алғандар бар. Сол сияқты осыған арандап қалып отбасынан ажырасып кеткендер де бар. Баспана мәселесінің шешілуі, мемлекет назарында болуы бізге өте қажет», – дейді олар.
видеодан скриншот
Үлескерлердің айтуынша, олар тіпті «Сұлтан» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау үшін жаңа инвестор тапқан. Жаңа инвестор құрылысты аяқтап, адамдарға пәтер үлестіруге дайын, бірақ оған рұқсат берілмей келеді.
«Осы тұрғын үй кешенін салғысы келетін инвестор бар, бірақ оған әкімдік рұқсат бермей отыр. Екі жылдан астам қала, облыс әкімдігінің алдында жүрміз, бірақ бірде-бір мемлекеттік орган тұрғындардың мәселесін шешкісі келмейді. Барлық мемлекеттік органдар бізді допша лақтырып, бір-біріне сілтеп жатыр. Барлығының сылтауы бірдей, біз пәтер сатып алған кезде олар бұл қызметтерді атқармаған және ештеңе білмеген, құрылысқа рұқсат бермеген, қала бойынша жарнамалық баннерлерді көрмеген. Ал компанияның Instagram парақшасында әкімдіктің марапаттары да болды. Бұл да халықты алдануға итермеледі», — дейді үлескерлер.
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жағдайға компанияның құқығын растайтын құжаттың болмауымен байланыстырып отыр.
«Сұлтан» тұрғын үй кешенін салушы – «Интерьер Строй Ақтау» ЖШС. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылдың 2 тоқсанында басталды. Бұл ретте құрылыс компаниясының тұрғын үй кешенін салуға құқығын белгілейтін құжаттары жоқ (СЖТ, бекітілген алдын ала жоба, жұмыс жобасына сараптамалық қорытынды, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталуы туралы хабарлама). Құрылыс тәртібін бұзғаны үшін Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және Ақтау қаласының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылдады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылы 17 шілдедегі № 4712-23-00-2/941 ұйғарымымен Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 244-бабына сәйкес облыс әкімдігінің «өздігінен салынған құрылысты» бұзу туралы жолдаған талап арызы қанағаттандырылды және Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 27 қыркүйектегі № 4799-23-00-2а/883 қаулысымен заңды күшіне енген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыс әкімдігі үлескерлерден ақша тартуға рұқсаты жоқ компаниялардың тізімін жариялаған болатын.