Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 10 483 500 теңгеге сәндік «рейкаларды» сатып алмақ, деп хабарлайды SteppeNews.kz ақпараттық порталы.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, Қыздар университеті 2024 жылы 21 маусым күні келісім шарт құрып, 27 маусым күні келісім шартты бекіткен. Инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Еркин Дусипов пен өнім беруші «Коргау» аталатын устав бойынша әрекет ететін басшысы Ержан Акимбаев тараптар негізінде шарт жасасқан.
Сатып алу құны – 10 483 500 теңге. Бұл сомаға 1500 дана сәндік рейка сатып алынатындығы көрсетілген. Бір тауардың бағасы – 6989 теңге. Тараптар келісім шартында рейканың қылқанжапырақты ағаш діңінен сүріліп жасалуы қажеттігі қоса көрсетілген. Қылғанжапырақты ағашқа қарағай, шырша, балқарағай, арша, кипарис тұқымдастары жатады.
Сондай-ақ, шарт күшіне енген күннен бастап 15 күнтізбелік күн ішінде жеткізілуі керек.
Редакция тілшісі сәндік рейкалардың нарықтағы бағасын анықтап көрді. Онлайн сайттардағы жарнамаларда рейкалардың бағасы 4000 теңгеден басталады.
Бір қызығы, аталған сатып алу қандай мақсатта орындалып жатқаны, рейкаларды сатып алуға 10 млн теңге не үшін қажет екендігін сипаттайтын шарттың техсипаттамасы жоқ. Редакция тілшісі университет басшылығынан аталған сатып алу бойынша қосымша нақтылайды.
Айта кетелік, бұған дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті құны 22 миллион теңгеден асатын жоғары технологиялық сканерді (планетарлық, роботтық басқарылатын) сатып алуды жоспарлап, күмәнға қалған болатын. Алайда 10 мамырда жоғары оқу орны сканерді сатып алудан бас тарту туралы шешім қабылдап, бюджеттен бөлінген қаражат басқа қажеттіліктерге қайта бөлген еді.