Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі сыртқы дәретхана мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтып берді.
«Алматы облысы Төңкеріс ауылында түсірілген видео әлеуметтік желіге тарады. Онда мектеп директоры өзінің жеке дәретханасын ашып алған. Ал жүзден астам мұғалім бір әжетханаға барады. Бұл оқиғадан хабарыңыз бар ма?», — деп сұрақ қойды тілшілер.
Министр бұл бір ғана жағдай екенін және мәселені білім басқармасы қатаң бақылауда ұстап отырғанын айтты.
«Бірінші анықтап алайық. Оқиғаның қаншалықты рас екені, өндіріске, білім сапасына, мектеп жұмысын үйлестіруге келтірілген басқа да залалдары анықталса, тиісті қатаң шаралар қолданылады. Тексеру соңын күткен дұрыс деп ойлаймын», — деп жауап берді Оқу-ағарту министрі.
Жалпы мектептегі дәретхана тақырыбы үнемі қоғам наразылығын тудырып келеді. Министр жаңа оқу жылында сырттағы дәретханалар толығымен жойылатынын айтты.
«2021 жылы осы мәселе көтерілгенде мектеп сыртындағы дәретханалар саны 2 700-ді құраған еді. Бүгінгі күні атқарылған іс-шаралар нәтижесінде 10 әжетхананың ғана сыртты орналасқаны анықталып отыр. Бұдан бөлек, мектеп ішіндегі жылы әжетханалар болғанына қарамастан, сырттағы әжетханаларды толыққанды жабылмағанын көріп отырмыз. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берілді. Жаздың үш айында максималды түрде бұл мәселені толықанды шешуге тырысамыз. Дей тұрғанымен алыс жерлерде 10-20 бала оқитын мектептер бар. Ол мектептерде ішкі әжетхана орнатуға қатысты шешілмеген мәселелер түйінін биыл шешу жоспарлануда», — деп толықтырды Ғ. Бейсембаев.