Жуырда екі жыл бойы талқыланған «Масс медиа» туралы Заңға Тоқаев қол қойды. Заң 2024 жылғы 20 тамызда қолданысқа енгізіледі, жекелеген баптар 2025 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді.
Медиа сарапшылар жаңа заңдағы ереже мен нормалар үлесі 10% аспайтындығын айтады. Осы орайда Steppenews.kz тілшісі заңда не өзгергенін және қандай бапқа назар аудару маңызды деген сауалдарға жауап іздеп көрді.
Сарапшылар, жаңа заң Қазақстандық, шетелдік БАҚ-тарды мемлекеттік реттеуді күшейтетінін, сондай-ақ, заңға тәуелді актілер арқылы жүзеге асырылатын декларативті норма көп екендігін айтады.
ЖУРНАЛИСТЕР ҮШІН НЕ ӨЗГЕРЕДІ?
Ар намыс, іскерлік беделді қорғау жөніндегі БАҚ материалдарына немесе мақалалар мен сюжет авторларына шағымданудың мерзімі бір жылға дейін қысқарды. Аталған материалға жауап беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі бір жылдан көп болуы мүмкін, өйткені заңда шағым берудің мерзімі туралы ғана айтылады.
Бұндай шиеленістерді сотқа дейін реттеу тәртібі өзгермеді – БАҚ редакцияларынан жауап қайтаруға мүмкіндік беруді немесе жоққа шығаруды талап ету мерзімі бір ай.
Заң күшіне енгеннен кейін редакцияның ресми сауалдарына жауап бес жұмыс күнінің ішінде қайтарылуы тиіс (36 бап). Алайда жауап беру мерзімі БАҚ редакциясына ескерте отырып, 15 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
Ақпаратты сұратудың басқа процедурасы өзгермеді.
Ресми хабарларды түсіндіру сауалдарын қарау мерзімі– екі жұмыс күні. Алайда жауап беру мерзімі БАҚ редакциясына ескерте отырып, 15 жұмыс күніне дейін созылуы мүмкін.
Ал журналистерді аккредиттеу процесі автоматтандырылады, бірыңғай медиаплатформада жүргізілетін болады – аккредитацияның жеңілдетілген түрі (28 бап).
«Журналист аккредитация картасын электронды форматта алатын болады. Заң жобасында айтылғандай, заң ондай карталарды берудің критериін қарастырмайды. Алайда оны берудің тәртібі заң аясында жасалатын акт негізінде айқындалмақ», — дейді медиасарапшы Қалима Тәжіқұл.
Одан бөлек журналистердің міндеттеріне кәсіби этика нормаларын сақтау мәселесі қосылды (26 бап, 3 тармақ).
Заңның жұмыс тобы қатарында болған сарапшы Есенгүл Кәпқызы өзін өзі реттеу мен журналистердің кәсіби этикасы түсініктері шатасуы мүмкін екенін айтады.
«Министрлік немесе құзырлы орган өзін өзі реттеу ұйымдарын құратын болса және этиканы заңға енгізу деген абсурд. Сондықтан бұл мәселені Сенаттағы, Мәжілістегі талқылаулар кезінде қарсы болдық, өкінішке қарай сөзіміз өтпеді. Этика кодекстері Америка, Ұлыбритания қауымдастығында бар, алайда масс медиа туралы заңмен реттелмейді. Өздерін өздері реттейді, осы нәрсені депутаттарға да, министрлік өкілдеріне де түсіндіре алмай қойдық», — деп атап өтті SDU университетінің ассистент профессоры, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жетекшісі Есенгүл Кәпқызы.
Енді БАҚ-тың өзін өзі реттеу мәселелері бойынша қоғамдық кәсіби кеңестер құрылмақ – республикалық және аймақтық, типтік Ереже негізінде. Кәсіби кеңестер журналистердің этикалық кодексін жасайды, мемлекеттік органдардың қарауына ұсыныстар енгізеді.
БАҚ РЕДАКЦИЯЛАРЫ ҮШІН ЖАҢА ТАЛАПТАР
Журналист (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі) міндеттерін денсаулығы мен өмірі үшін қауіпті жағдайда орындаған кезде бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оны қажетті жабдықпен жəне киім-кешекпен қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ журналистің өз міндеттерін орындауына байланысты өміріне жəне (немесе) денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі оған келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген көлемде жəне тəртіппен өтеуге міндетті.
«Жұмыс тобындағы тәуелсіз ұйым өкілдері болып аталған өзгерісті журналистердің жағдайы үшін енгізуге ықпал етгенімізді атап өткеніміз дұрыс. Журналистер белгілі бір деңгейде қорғалуға тиіс», — дейді журналист, медиасарапшы Тәжіқұл Қалима.
Сонымен қатар енді контент мониторингі — БАҚ өнімдерін Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігін тексеру үшін (23-бап) жинау және талдау процесі ғана емес, сонымен бірге «қоғамның адамгершілік дамуына және жалпыға бірдей, ұлттық, мәдени және отбасы құндылықтарына зиян келтіретін» контентті де тексеру кіреді.
«Мұның іс жүзінде қалай жүзеге асатынын айту қиын, бірақ осы негізде БАҚ қызметін тоқтатуға болмайды. Бұзушылықтар туралы хабарламаны жіберу тәртібі («қара қағаз») өзгерген жоқ (9-бап) – келіспеген жағдайда, редакция бес жұмыс күні ішінде жазбаша қарсылық жолдауы тиіс», — дейді сарапшы Қалима Тәжіқұл.
БАҚ-ТЫ БЮДЖЕТТЕН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
БАҚ-ты қаржыландырудың екі тәсілі, атап айтқанда мемлекеттік тапсырыс және гранттар енгізіліп отыр.
Мемлекеттік тапсырыс – мемлекеттік ақпараттық саясатты орындау үшін және мемлекеттік БАҚ-тарды қолдау үшін, ал гранттар – мемлекеттік емес БАҚ үшін беріледі.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыру үшін тек мемлекеттік БАҚ-қа таратылады. Бюджет қаражатын бөлу және оның жұмсалуын бақылау тәртібін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі айқындайды.
ШЕТЕЛДІК БАҚ
Енді Шетелдік БАҚ пен журналистердің аккредитациясы заңмен реттеледі. Бұған дейін бұл мәселе ҚР СІМ бұйрығымен реттеледі. Жаңа заң ережелері бойынша, аккредитация ережесі туралы ҚР СІМ бұйрығы жақын күндері өзгеретін болады.
ҚР СІМ аккредитациядан өткен шетелдік БАҚ өкілдері мен олардың журналистерінің тізімін жасауы тиіс.
Егер шетелдік БАҚ ҚР заңдарына қайшы әрекеттер жасайтын болса – оның Қазақстандағы іс әрекетін сот шешімі негізінде тоқтатуы мүмкін.
Шетел БАҚтары мен журналистерінің ҚР СІМ аккредитациясынсыз журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынады.
Аккредиттеуден бас тарту, тоқтату және аккредитация жөніндегі тәртіп ҚР СІМ жасаған және қабылдаған ережелер негізінде жүзеге асады.
«БАҚ бәсекелестігі тұрғысынан, мемлекеттік реттеу және ақпараттық кеңістікке мониторинг жасау тұрғысынан «Масс медиа» туралы жаңа заң медианарықтағы жағдайға айтарлықтай әсер етпейді. Журналистерді қорғау және олардың қауіпсіздігі туралы Ереже енгізілмеген. Журналистердің құқығын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. Ал телерадио арналарының контентіне қатысты жаңа талаптар гранттық қаржыландыру негізінде компенсацияланады. Алайда бөлінген субсидияның қаншалықты тиімді болатыны түсініксіз Заңның жаңа Ережелерін жүзеге асыру үшін заңдық актілер жақын күндерде қабылданатын болады», — деп атап өтті сарапшылар.
Айта кетелік, 2024 жылғы қаңтарда Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азат Еуропа/Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан. Азаттықтың кей тілшілері аккредитациясын 2022 жылдың аяғынан бері ұзарта алмай келген. Биыл сәуірде Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) Қазақстан сыртқы істер министрлігімен осы елдегі тілшілерінің аккредитациясы мәселесі бойынша келісімге келді.