Белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлел қазақтың даңғаза тойшылдығын сынға алды. Ғалым өзге елдердің той тойлау мәдениетін мысалға алып, апта бойы той тойлаудың қауіпті тенденция екенін айтты, деп хабарлайды SteppeNews порталы Qazaq Airan ютуб арнасына сілтеме жасап.
«Ол үнемі тойларда жүру – адамдардың өзі алдауы деп санайды. Ол өте қауіпті тенденция. Мәселе тойды жасау, жасамауда емес, оны қалай жасауда. Артық қыламын деп, тыртық қылып жатырмыз. Мысалы, Қытайға барыңыз, олар той жасамайды. Өйткені, олар күні-түні кәсіпте. Түркияға барыңыз, той жасамайды. Күні-түні кәсіпте. Тек ең маңыздыларын ғана жасайды. Мысалы, Өзбектер тойды таңғы алтыда жасайды. Олар кәсіптің ыңғайына бағынады. Таң намазынан кейін барлығы тойға келеді, тойып алып жұмыстарына кетеді. Міне, бұл кәсіпқой ұлттың тірлігі », -деді Омар Жәлел.
Тойға барғысы келмейтін адамдар да туыстық қатынас үшін амалсыз шақырған жерге баруға мәжбүр. Өйткені, барлығы «ұят» деген ұғымды бетке ұстайды.
«Бізде аптаның жеті күні той. Дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі… Мұның ең үлкен зардабы- адамдарды туыстық қатынастармен қинайды. Ұят деген сезіммен қинайды. Кәсіпкер өте кәсіпқой адамдар тойға бармайды. Кәсіптің ең үлкені- ғылым.Кезінде Қаныш Сәтбаев ешқашан тойға бармаған. Ғалым адам болған соң, тойға барсам уақытым кетеді, екіншіден артық тамақ ішіп қоямын, асқазаным бұзылады, режимім бұзылады, менің ғылымыма зияным тиеді деп бармайды екен», -деді абайтанушы.
Ол кезінде танымал адамдар тойды жылу жинау үшін емес, керісінше байлығымен бөлісу үшін жасағанын айтты.
«Тойынған адам той жасау керек. Той дегеніміз өзіңнің белгілі бір мөлшерде жұрттан жылу жинау емес, бұрын той дегеніміз өзіңнің байлығыңмен бөлісудің формасы болған. Қолы бос, кәсібі жоқ адам халық не істейді? Той тойлайды. Кәсібі бар қазақтың өзі де тойдан бас тарта бастайды. Өйткені, кәсібі жоқ, мақсаты жоқ адам еріксіз тойға алданады. Бұл шарасыздықтан туған. Бұл 20-30 жылдың ішінде ұлттың деңгейін көтере алмай, оны кәсіпқой ұлтқа айналдыра алмағанның көріністері. Біз қазір кәсіпті бірінші орынға қоюымыз керек», — деп сынға алды Омар Жәлел.
https://www.youtube.com/watch?v=dkXADpSv648