Фото: ҚР ІІМ архивіБұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғаны туралы нақты ақпарат жоқ. Бұл туралы Бас прокуратура өкілі Ерлан Жанпейісов айтты.
29 сәуір кешке отандық БАҚ-та экс-министрдің Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Хабарламада арнайы прокурорлар мұндай шешімді Тұрғымбаевқа қатысты 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында шығарғаны» жазылған. Қантар оқиғасынан кейін Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінің басшысы қызметінен босатылған болатын.
Алайда Бас прокуратураның ресми өкілі Ерлан Жанпейісов әзірге нақты ақпарат жоқ екенін, нақты ақпарат шыққанда ресми жариялайтындарын айтты.
Наурызда қазіргі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов экс-министр Тұрғымбаевтың қылмыстық іс бойынша айыпталушыға айналғанын растаған. Бірақ құзырлы орган өкілі оны қандай баппен, қай ведомствомен тергеп жатқанын нақтыламаған.
Сот бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішті Қаңтар оқиғасына байланысты 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған.