2024 жылғы 13 ақпанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Арыстанбек Мұхамедиұлы, оның жұбайы Найля Ысқақова мен Мұстахым Төлеевке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Steppenews.kz.
Тергеу барысында Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталды деп (ҚК 24-бабының 3-бөлігі – 367-бабының 4-бөлігі), Исқақова – парақорлыққа делдалдық жасады деп (ҚК 368-бабының 1-бөлігі) және Төлеевке – аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) айыпталды.
Тараптардың ұстанымы:
Сотта прокурор айыптауды қолдап, Мұхамедиұлына ҚК-нің 58-бабын қолдана отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды;
- Төлеевті 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыруды;
- Ысқақованы 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамай, оларды ақтауды сұрады.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот шешімі:
ҚК 367-бабы 4-бөлігінің санкциясы айыппұл немесе 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
ҚК 368-бабының 1-бөлігі айыппұл немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
ҚК 190-бабының 4-бөлігі 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны көздейді.
Сот Төллевтің жас балалардың болуын, Ысқақованың асырауында қарт анасының болуын қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.
Арыстанбек Мұхамедиұлына қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ.
Сотталушылардың жауапкершілігі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сот үкімімен Мұхамедиұлы аса ірі мөлшерде пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3 және 6-бөліктері негізінде, 20.06.2023 жылғы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған қатаң жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру жолымен қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салына отырып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ысқақова парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 368-бабының 1-бөлігі), өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынып, 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Төлеев аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып (ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), 10 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, былтыр жазда сот экс-министрді «Алтын адам шеруі» көрмесі кезінде ақша жымқырды және ұрлады деп сегіз жылға бас бостандығынан айырды.