Алматыдағы «Esentai City» элиталық тұрғын үй кешенінің үлескерлері құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылуына байланысты әлі күнге дейін пәтер кілтін ала алмай отыр. Осыған байланысты олар қала әкімі Ерболат Досаевтан көмек сұрады.
Алматылық әйелдің айтуынша, рейдерлік бойынша қозғалған қылмыстық іс салдарынан 2017 жылдан бері 200 адам «Esentai City» тұрғын үй кешенінен баспаналарына қол жеткізе алмай жүр.
«Осыған байланысты бізге ешкім назар аудармайды. Бұл қылмыстық іс құрылыстың одан әрі жалғасуына еш кедергі келтірмейді. Өкініштісі, осы дау-дамайлар жүріп жатқанда, біздің мәселемізді ешкім шешіп жатқан жоқ. Бізге көмектесіңізші», – деп жүгінді қала әкіміне Алматы тұрғыны.
Өз кезегінде Ерболат Досаев бұл жағдайда көмектесе алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, әкімдік құрылыс салушылармен келіссөз жүргізуге құқымыз жоқ.
«Мен жағдайды түсіндіргім келеді. Біз тіпті қала атынан құрылысты ары қарай жүргізуге кім дайын екенін де айта алмаймыз. Үлескерлерден қаржыны кім жинағанын білмейміз. Себебі қылмыстық іс қозғалды. Бұл жер учаскелерінің активтерін кепілге алған банк бар. Мен банк өкілдерімен жеке сөйлесіп, шешім қабылдауын сұрадым. Олар ақшаны қайтару үшін пәтерлерді сатуы керек, оған рұқсат жоқ. Алдымен мәселе қазіргі қожайындарымен шешілуі тиіс. Сондай-ақ бұл құқық қорғау органдарының құзырында», — деді әкім.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров аталған іс Астанада екенін айтты. Еске салайық, Esentai City тұрғын үй кешенінің құрылысын Parmigiano Group компаниясы жүргізді. 2022 жылы осы компанияның орынбасары Алмас Әбдіғаппаров аса ірі көлемде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлағаны үшін 7 жылға сотталса, Қаржылық мониторинг агенттігі Елдос Қоспаев пен оның сенімді тұлғаларына рейдерлік жасады деген айыппен тергеу бастаған болатын.