Әлеуметтік желілерде белгісіз тұлғалар Атырау қаласындағы мектептерде қылмыс жасауға дайындалып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын, деп хабарлайды QazTimes агенттігі.
Белгісіз біреулер «Конец Атырау» атты Telegram-канал ашып, 26 қаңтарда тұрғындар мәңгіге ұмытпайтынын мәлімдеді. Канал авторлары Binom Alfarabi, Binom Konayev, №38 бен 48 мектептерде барлығын жаппай өлтіретіндерін хабарлады.
«Біз сіздердің мектептеріңізге кіріп, барлығын және әрқайсысысын атамыз» деп жазылған Telegram-каналда.
Осыған орай, облыстық полиция департаменті пікір білдірді.
«Осы дерек бойынша полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп, осы ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде бейнебақылау арқылы және оларға жақын жерлерде полиция жасақтарын көбейту арқылы күшейтуге ерекше назар аударылады», — делінген хабарламада.
Осыған ұқсас жалған хабарламалар Ресей Федерациясының бірқатар қалаларында және Ақтөбе қаласында да орын алған. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған.