Шахтаның қазіргі жағдаймен танысу үшін Qarmet тобы апат болған аймаққа жақын 600 метрден астам тереңдікке дейін түсіп, сол маңайдың жай-күйін көзбен көрді, деп хабарлайды QazTimes.
Qarmet компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, трагедияның қайталану ықтималдығы әбден жойылғанға дейін шахтада өндірісті қайта бастауға тыйым салынды.
Шахта директоры Андрей Бойко нысанда жүргізілген тексерулердің қорытындыларын, болған жағдайдың себептері мен салдарын жою бойынша жоспарланған жұмыстарды, көмір өндіруді қайта жандандырудың келешегі туралы баяндады.
«Андрей Лаврентьев пен Вадим Басиннің атынан Qarmet басшылығы жүргізіліп жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдірді. Алайда трагедияның қайталану ықтималдығы әбден жойылғанға дейін шахтада өндірісті қайта бастауға тыйым салынды. Көмір департаментінің инженерлері үшін тиісті жұмысты орындауға барлық қажетті жағдай жасалып отырғандығын басшылық тарапы атап өтті», — делінген хабардамада.
Айта кетсек, Костенко атындағы шахтаның негізі 1934 жылы 18 мамырда қаланды. Қарағанды көмір бассейнінде шахтаның бұған дейінгі атқарған елеулі еңбегі 2023 жылдың қазанындағы жан түршігерлік трагедияның көлеңкесінде қалып қойғандай.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 2,5 ай бұрын Қарағандыдағы Костенко көмір шахтасында жарылыс болып, 46 жұмысшы қаза тапқан болатын. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, жер бетіне 205 шахтер шығарылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды. Сондай-ақ, «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
9 желтоқсанда шахтадағы жарылысқа ұласқан өрттің себептерін тексеру жөніндегі Үкімет комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жұмыс берушінің кінәсі 100% анықталып, жұмысты қауіпсіз орындау талаптарын бұзған 19 жауапты тұлға анықталды.