Қызылорда облысында ақша жымқырған аудандық Білім бөлімінің басшысы сотталды. Жаңақорған аудандық соты 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұралған өзге де лауазымды тұлғаларға үкім шығарды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен іс қозғалған еді. Қылмыстық істе «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» КММ-нің басшысы, бөлімнің бас есепшісі және 6 мектеп есепшісіне, 1 бас экономистке қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Сотталушылар өздерінің қызмет бабын пайдаланып, 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында білім бөлімінен 6 есепші мен 1 экономисттің көмектесуі арқылы жалпы сомасы 192097670 теңге мемлекеттік бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырған», — деп мәлім етті Жаңақорған аудандық соты.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз ақша аударылғанын дәлелдеді.
«Сотталушылар бөлім басшысы И. мен бас есепші Ж. білім бөлімі есепшілерінің банкомат картасына ай сайын еңбекақы төлемі, еңбекке жарамсыздық пен іссапар шығыны ерекшеліктері бойынша артық және заңсыз қаражатты аударып отырған. Оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өздеріне алып келуді тапсырған. Осылайша бірлесіп қылмыс жасауға алдын-ала келісімін алған. Өз кезегінде Ж. есепшілер мен олардың жақын туыстарына, мектептердің басқа да қызметкерлерінің банктік карт-шотына заңсыз ақша аударған. Аталған қаражат есепшілер арқылы екінші деңгейлік банк банкоматтары арқылы қолма-қол ақшамен Ж.-ға табыс етілген. Кейінннен ол И.-ға жеткізілген», — делінген сот таратқан хабарламада.
Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушылар 9 және 8 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған 7-і сыбайлас бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, шартты түрде сотталды.