Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға арналған «Электрондық қорғану аймағы» құрылғысы техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Жүйе зорлық-зомбылық жасауы мүмкін адамның жәбірленушіге 20 метрге дейін жақындағанын анықтап, полицияға автоматты түрде дабыл жіберуге мүмкіндік береді. Пилоттық жоба алты өңірде жүзеге асырылмақ, деп жазады SteppeNews.kz ҚР Құрылтайы — на сілтеме жасап.
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жаңа электронды бақылау жүйесін енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ішкі істер министрлігі депутаттар ұсынған «Электрондық қорғану аймағы» құрылғысын әзірлеушілермен бірлесіп техникалық сынақтан өткізуде.
Жүйенің негізгі міндеті – қорғау нұсқамасы шығарылған немесе мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген адамның жәбірленушіге қауіпті қашықтыққа жақындағанын анықтап, полицияға автоматты түрде хабарлау.
Қазіргі уақытта құрылғы адамның арақашықтығы 20 метрге дейін қысқарған кезде дабыл хабарламасын қалыптастырып, полицияның жедел басқару орталығына жіберу мүмкіндігін тексеріп жатыр.
Пилоттық жоба алты өңірде іске қосылады
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, пилоттық жобаға Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстары таңдалған.
Жоба аясында қауіпті жақындау туралы хабарлама түскен кезде полицияның әрекет ету тәртібі біріздендіріледі. Атап айтқанда, дабыл автоматты түрде тіркеліп, жедел басқару орталығына жіберіледі. Одан кейін оқиға орнына жақын полиция жасағы бағытталып, жәбірленушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар белгіленген шектеулердің сақталуы тексеріліп, қабылданған шаралар цифрлық жүйеде тіркеледі.
Пилоттық жобаның нәтижесінде полицияның әрекет ету уақыты, анықталған құқық бұзушылықтар, қабылданған шаралар және жәбірленушілерге қатысты қайталанған зорлық-зомбылық фактілері бағаланады.
Жүйе жәбірленушінің орналасқан жерін де бақылайды
Жаңа тетікті енгізу кезінде жәбірленушілердің ұялы телефондарына арнайы мобильді қосымша орнату мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл ретте олардың келісімі алынып, жеке және геолокациялық деректерінің қорғалуы қамтамасыз етілуі тиіс.
ІІМ электронды бақылау құралдарын пайдалануға қажетті техникалық негіз қалыптасқанын хабарлады. Қолданыстағы «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау үшін осындай құрылғыларды қолдануға мүмкіндік береді.
Қазір Қазақстанда GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электронды білезік пайдаланылып жүр. Мониторинг платформасындағы адамның орналасқан жері туралы ақпарат екі минуттан аспайтын уақыт аралығында жаңартылып отырады.
Жүйе рұқсат етілген аумақтан шығу, білезікті шешу немесе бүлдіру, сондай-ақ байланыс жоғалу жағдайларын автоматты түрде тіркеп, полицияға хабарлайды.
Электронды қорғану жүйесін енгізуді депутаттар ұсынған
«Электрондық қорғану аймағын» құру туралы ұсынысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары 21 қазанда жариялаған депутаттық сауалында көтерген болатын.
Бастамаға қоғамда резонанс тудырған тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары себеп болған. Депутаттар қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін ғана емес, ықтимал қауіптің алдын алу үшін де жұмыс істеуі керектігін атап өтті.
Құрылтай депутаты Айжан Аймағанованың пікірінше, электронды дабылдың болуы жеткіліксіз. Қауіпті жақындау туралы хабарлама түскен сәтте полицияның қалай әрекет ететіні нақты алгоритммен бекітілуі қажет.
Депутаттар Францияның тәжірибесін де мысалға келтірді. Бұл елде жәбірленуші мен зорлық-зомбылық жасаған адамның орналасқан жерін анықтап, олардың арасындағы белгіленген қашықтық бұзылған жағдайда автоматты түрде дабыл беретін электронды білезіктер қолданылады.
Жаңа жүйенің енгізілу барысы депутаттардың бақылауында болады. Пилоттық жобаның қорытындысы бойынша құқық қолдану тәжірибесі Құрылтай алаңында талқыланбақ.
Келесі материал: Тоқаев пен Путин жасанды интеллектіні дамыту және Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын нығайту мәселелерін талқылады
