Мәскеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастарды дамыту, сауда-экономикалық ынтымақтастық, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кездесуді ашқан Владимир Путин екі ел арасындағы байланыстардың белсенді сипат алып отырғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сбербанк ұйымдастыратын жасанды интеллект жөніндегі алдағы конференцияға қатысуының маңыздылығына тоқталды.
«Біз Қазақстанда да, Ресейде де, түрлі халықаралық іс-шаралар аясында да тұрақты түрде кездесіп тұрамыз. Бұл жолы сіз Сбербанк ұйымдастыратын жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі конференцияға басты қонақ ретінде келуге келісім бердіңіз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға көп көңіл бөлетініңізді білемін. Бұл сізге қызықты болады деп сенемін», – деді Ресей басшысы.

Владимир Путин форум мамандардың әзірлемелерімен танысуға және жоғары технологиялық салалардағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік беретінін де айтты.
«Біз мамандардың пікірін тыңдап, жастармен, оқушылармен, студенттермен сөйлесуге, Ресей мен Қазақстан арасындағы жоғары технологиялық салалардағы, соның ішінде жасанды интеллект бағытындағы ынтымақтастық туралы пікір алмасуға мүмкіндік аламыз», – деп атап өтті ол.
Экономикалық байланыстарға тоқталған Ресей Президенті екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард долларға жақындағанын мәлімдеді.
«Тауар айналымымыз өсіп келеді және жақсы қарқынмен шамамен 30 миллиард долларға, дәлірек айтқанда, 28 миллиардтан сәл асатын деңгейге жетті. Есеп айырысулар ұлттық валюталарда жүргізіледі. Оның үлесі де жоғары, шамамен 90 пайыздан асады, 96 пайыз болуы мүмкін. Үкіметаралық комиссия екі тараптан да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы, барлық бағыттағы жұмыс жақсы қарқынмен және жоғары деңгейде жүргізілуде», – деді Владимир Путин.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев шақырғаны үшін ресейлік әріптесіне алғыс айтып, алдағы форумның Қазақстан үшін маңыздылығын атап өтті.
«Алдағы форумның маңызы өте зор. Алғашқы форумды 2020 жылы пандемия жағдайында онлайн форматта өткізгеніміз есімде. Сол кезде сіз жасанды интеллект пен цифрландыру тақырыбы алдағы 3–4 жылда басты назарға шығатынын айтып, мазмұнды сөз сөйлеген едіңіз. Солай болды. Қазір барлығы жоғары технологиялар, жасанды интеллект және оның болашақтағы ықпалы туралы айтып жүр», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытуға басымдық беріп отырғанын жеткізді.
«Мен биылғы жылды Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы деп жарияладым. Белгілі бір жұмыстар атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкімет пен адами капиталды дамытуға қатысты рейтингі бойынша біз әлемде 24-орыннан 16-орынға көтерілдік. Алайда бұл тоқмейілсуге, жетістіктерге мастануға себеп болмауы керек. Алда атқарылатын жұмыс көп», – деп атап өтті Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстан цифрландыру және жоғары технологиялар саласындағы Ресей тәжірибесін зерделеуге мүдделі.
«Біз бұл форумға Ресейде атқарылған жұмыстармен танысып, тәжірибе жинақтау үшін келдік. Сіздердің елде қомақты жұмыс атқарылған. Герман Греф басқаратын Сбербанктің қызметін, әсіресе киберқауіпсіздік жүйесін қалыптастыру мен дамыту бағытындағы жұмыстарын бақылап отырмыз. Бұл салада көп нәрсе жасалған. Біз оны тыңдап, көргіміз келеді. Ертең көрме алаңдары жұмыс істейді. Менімен бірге жасанды интеллект пен цифрландыру енгізіліп жатқан түрлі бизнес салаларының өкілдерінен құралған үлкен делегация келді», – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ресейлік технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығындағы қызметіне оң баға берді.
«Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда жақсы ұсынылған. Әсіресе Sber мен Yandex компанияларын, соның ішінде еліміздегі негізгі жұмыс берушілердің біріне айналған Yandex Kazakhstan компаниясын атап өткім келеді. Бұл бизнес жақсы дамып келеді. Сіздердің компанияларыңыздың біздің нарықтағы жұмысына көңіліміз толады және оларға жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз», – деп атап өтті Тоқаев.
Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымы 30 миллиард доллар межесіне қарай тұрақты өсіп келе жатқанын растады.
«Үкіметаралық комиссия биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыздың қорытындыларын жүзеге асырумен айналысып жатыр. Бұл сапар маңызды құжаттарға қол қою тұрғысынан өте мазмұнды болды. Тағы бір көрсеткішке тоқталғым келеді: бұған дейін 178 жоба болған, оның 124-і жүзеге асырылды. Қалған жобалар іске асырылу кезеңінде немесе аяқталуға жақын. Мұның өзі қарым-қатынастарымыздың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетеді», – деді Қазақстан Президенті.
Тоқаевтың айтуынша, екі ел арасында туындайтын мәселелер жұмыс тәртібінде қаралып, үкіметтер арасындағы өзара іс-қимыл аясында шешімін тауып келеді.

Кездесу соңында Қазақстан Президенті Владимир Путинді Қытайға жасаған соңғы сапарының нәтижелерімен және Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуымен құттықтады. Тоқаев Ресей дипломатиясының маңыздылығын және халықаралық келіссөздер қорытындысы бойынша қабылданған декларацияны атап өтті.
Айта кетейік, кездесу Сбербанк ұйымдастырған AI Journey 2026 конференциясы қарсаңында өтті. Форум жасанды интеллектіні дамытуға және оны экономиканың түрлі салаларында іс жүзінде қолдану мәселелеріне арналған.
Сауле Тугельбаева
Келесі материал: «Чемодан оқиғасынан» кейін Atlant тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер арзандай ма?
