Қазақстан 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісінен толық бас тартуды жоспарлап отыр. Оның орнына 4G және 5G инфрақұрылымы кеңейтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады SteppeNews.kz.
Министрдің айтуынша, қазір елімізде 3G базалық станцияларын 4G технологиясына көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қалалар мен ауылдарда 5G желісінің қамту аумағы кеңейтілуде.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Осылайша, мобильді интернет еліміздегі ауылдардың 92 пайызына қолжетімді болады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды мобильді байланыспен қамтамасыз ету көзделген. Бұл мақсатта 500-ден астам антенналық діңгек құрылысын салу жоспарланып отыр.
Жалпы, телекоммуникация саласына инвестиция көлемі алдағы үш жылда 1,3 трлн теңгеден асады деп болжануда. Биылдың өзінде салаға кемінде 500 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.
Айта кетейік, соңғы екі жылда Қазақстанда мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6-дан 93,4 Мбит/секундқа дейін өскен. Ал «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026 жылдың соңына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін 3 704 ауылға жеткізу жоспарланған.
Келесі материал: Айя-София мешітінің астынан 420 метрлік ежелгі туннельдер анықталды
