БҰҰ Балалар қорының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған қайырымдылық кешіне бизнес өкілдері, дипломатиялық қауымдастық мүшелері мен мәдениет қайраткерлері қатысты. Аукционға 21 бірегей лот қойылды.
Алматы қаласында БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) 80 жылдығына орай UNICEF Anniversary Gala «The Light Within» («Ішкі жарық») атты мерейтойлық қайырымдылық кеші өтті. Іс-шараға бизнес өкілдері, меценаттар, дипломаттар мен мәдениет қайраткерлері жиналып, Қазақстандағы балаларды буллинг пен зорлық-зомбылықтан қорғауға қаражат жинады.
Кеш қорытындысы бойынша 502 млн 950 мың теңге жиналды. Қаражат мектептерде буллингтің алдын алуға және зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету жүйесін нығайтуға бағытталады.
Жиналған қаражат қайда жұмсалады?
Қайырымдылық кешінде жиналған қаражат мектептерде буллингтің алдын алу және зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе оның куәсі болған балаларға көмек көрсету бағдарламасына жұмсалады. Бағдарламаны ЮНИСЕФ Қазақстан Үкіметімен бірлесіп жүзеге асырады.
Жоба аясында 1 миллион бала мен жасөспірімді мектептерде буллингтің алдын алу және қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралармен қамту жоспарланған. Сонымен қатар мұғалімдер, психологтер, заңгерлер, судьялар мен полиция қызметкерлерін қоса алғанда, 15 мың маманның біліктілігі арттырылады. Оқыту барысында зорлық-зомбылық белгілерін ерте анықтау және балаларға дер кезінде көмек көрсету мәселелеріне басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі 20 өңірлік басқарманың жұмысын жетілдіруге, балалар мен отбасыларға қолдау көрсетуге және мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтуға көңіл бөлінеді.

Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен немесе оның куәсі болған балаларға арналған 20 көмек көрсету орталығында мамандардың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Бұл балалардың қажетті көмекті уақытылы алуына мүмкіндік беріп, қайталама психологиялық жарақат алу қаупін азайтуға бағытталған.
Аукционға 21 бірегей лот қойылды
Кештің басты оқиғаларының бірі — 21 лоттан тұратын қайырымдылық аукционы болды. Олардың қатарында қазақ және әлемдік сәндік-қолданбалы өнер туындылары, зергерлік бұйымдар, коллекциялық заттар мен танымал тұлғалардың жеке бұйымдары бар.
Аукционға Рахимбаевтар отбасының коллекциясындағы Ай метеоритінің бір бөлігі, Маңғыстаудан шыққан 1950 жылдардағы өрнектелген асадал, Тамерлан Тлестің «Томиристен шабыт алған» атты қола мүсіні және Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенованың жеке коллекциясындағы күміс білезік қойылды.
Өнер туындыларының қатарында Әділ Әубекеровтің «Маңғыстау» картинасы, Сальвадор Далидің «Тристан мен Изольда» атты графикалық жұмысы, суретші Гауһар Бисенғалиеваның «Самал» киіз панносы бар. Сондай-ақ аукционға көне тоқыма бұйымдары — кестеленген тұскиіз бен Арал маңында қолдан тоқылған кілем ұсынылды.
Аукционның тағы бір бөлігін зергерлік бұйымдар мен дизайнерлік аксессуарлар құрады. Олардың арасында Carrera y Carrera брендінің Nómada топтамасындағы алқасы, Bvlgari ұсынған Divas’ Dream әшекейі, Jimmy Choo брендінің Raindrops кешкі сөмкесі, GRAFF зергерлік үйінің Mini Pavé Wild Flower топтамасындағы кулоны және Messika брендінің So Move топтамасындағы брошы болды.
Басқа лоттардың қатарында ақын Фариза Оңғарсынованың жеке заттарының бірі — Parker қаламы, Олжас Сүлейменовтің автор қолтаңбасы қойылған кітаптар жинағы және «Реал Мадрид» футбол клубының 2024/25 жылғы маусымына арналған, ойыншылардың қолтаңбасы бар үй ойын жейдесі ұсынылды.
ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық аукционына лоттарды Рахимбаевтар отбасы, Толымбек отбасы, Фариза Оңғарсынованың отбасы, Вера Брежнева, Бибігүл Төлегенова, Тамерлан Тлес, Әділ Әубекеров, Айнұр Боранбай, Наталья Кривец пен Тьерри Плезан, BE WOMAN ұйымымен бірлесіп Наталья Водянова, Данагүл Төлепбай, Гауһар Бисенғалиева, Арманжан Байтасов және Лаура Адамова (Living Atmosphere) ұсынды.
Сонымен қатар Constella, Sansi, Jimmy Choo, VILED Group (GRAFF зергерлік үйі), Messika Kazakhstan, Испания Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшілігі және Нұрлан Смағұлов қоры да аукционға өз лоттарын ұсынды.

Балаларға қолдау көрсетуге арналған кеш
Кештің «The Light Within» («Ішкі жарық») тақырыбы әр баланың қамқорлық пен қорғауға, сондай-ақ өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуға лайық екенін білдіреді. Гала-кеш балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын адамдар мен ұйымдарды бір ортаға біріктірді.
«Әр баланың бойында өзіне тән жарық бар. Ол — білуге деген құштарлық, мейірімділік, талант пен арман. Біздің ортақ міндетіміз — баланың зорлық-зомбылықтан, қорлаудан және буллингтен қорықпай өсіп-жетілуіне жағдай жасау», — деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мустафа Сарвар.
2026 жылы ЮНИСЕФ құрылғанына 80 жыл толуын атап өтуде. Ұйым 1946 жылғы 11 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен құрылды. Қазіргі уақытта ол әлемнің 190-нан астам елі мен аумағында жұмыс істейді.
Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияға 1994 жылы қосылды. Содан бері 30 жылдан астам уақыт бойы ЮНИСЕФ еліміздегі балалар мен отбасылардың өмір сапасын жақсарту және олардың құқықтарын қорғау бағытында мемлекетпен және серіктестерімен бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Қазақстанда ЮНИСЕФ-тің қайырымдылық гала-кештері 2024 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Алғашқы кеш Астанада өтіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың цифрлық инклюзиясын дамытуға 92 миллион теңге жиналды.
2025 жылы Алматыда өткен «Dreams Without Borders» қайырымдылық кешінде 283 миллион теңге қаражат түсті. Бұл қаражат бес пилоттық өңірде балалар мен жасөспірімдердің психикалық саулығын қолдауға арналған «Сенімді дос» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталды.
Бағдарлама аясында білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы 195 мың маман арнайы даярлықтан өтті. 150 мыңнан астам бала әлеуметтік және эмоционалдық дағдыларын дамытты, ал тәуекел тобындағы 10 мыңнан астам бала кәсіби қолдауға ие болды.
Арнайы оқытудан өткен мамандар 1754 баладан суицид қаупінің ықтимал белгілерін анықтап, оларға қажетті көмекті уақытылы көрсете алды.
Биылғы мерейтойлық кеш осы игі бастамалардың жалғасы болды. Бизнес өкілдері мен қоғам күш біріктіріп, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау және олардың қауіпсіз ортада жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатын көздеді.

