Қазақстан Бақты – Аягөз теміржол желісін және Қытаймен шекарадағы үшінші теміржол өткелін салып жатыр. Жаңа желіні 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа бағыттың өткізу қабілеті жылына 20 млн тонна жүкке жетеді деп күтілуде. Бұл қолданыстағы шекара өткелдеріне түсетін жүктемені азайтуға, қазақстандық экспорттаушылардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және қосымша транзиттік жүк ағындарын тартуға мүмкіндік береді.
Қытаймен шекарадағы өткізу қабілетінің артуы Қазақстанның әртүрлі бағыттар бойынша жүк тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтеді. Солардың бірі – Еуропаға жүк жеткізу. Еуропалық одақ Азиямен, соның ішінде Транскаспий дәлізі арқылы көлік байланыстарын дамытуға мүдделі. Алайда жүк жөнелтушілер үшін маршруттың қолжетімді болуы ғана жеткіліксіз. Олар жеткізу мерзімі мен құнын, сондай-ақ жүктің қай жерде екенін алдын ала білуі керек.
Қытаймен шекарада пайда болатын жаңа мүмкіндіктерді Қазақстанның бүкіл логистикалық жүйесінің артықшылығына қалай айналдыруға болады? Бұл туралы Qazaq Expert Club-тың логистика саласындағы сарапшысы Айнұр Дивеева түсіндіреді.
Сарапшының айтуынша, шекара өткелінің өткізу қабілетінің артуы бүкіл теміржол желісі осындай көлемдегі жүкті автоматты түрде қабылдап, тасымалдай алады дегенді білдірмейді.
« Шекарадан кейінгі бүкіл логистикалық тізбекті ескеру қажет: локомотивтер мен вагондар жеткілікті ме, станциялар ұзын құрамды пойыздарды қабылдап, өңдей ала ма, терминалдардың қуаты мен ел ішіндегі теміржол учаскелерінің өткізу қабілеті жеткілікті ме – осының бәрін бағалау маңызды», – дейді сарапшы.
Міндеттің ауқымын Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) зерттеуі арқылы бағалауға болады. Онда ҚТЖ-ның бағалауы келтірілген. Соған сәйкес, Қазақстан теміржол желісіндегі станциялар мен разъездердің шамамен 60%-ы ұзын құрамды жүк пойыздарын қабылдай алмайды.
Бұл көрсеткіш тікелей Бақты – Аягөз желісіне емес, елдің бүкіл теміржол желісіне қатысты. Дегенмен ол шекара өткелдерін дамытуды теміржолдың басқа учаскелерін жаңғыртумен неге қатар жүргізу маңызды екенін көрсетеді.
« Келесі негізгі мәселе жүктерді Қытай шекарасынан өткізу ғана емес, оларды Қазақстан аумағы арқылы әрі қарай тасымалдау болмақ. Кіреберісте жаңа өткізу қуаттарын құрып, шыға берісте соған сәйкес өткізу қабілетін қамтамасыз етпей қалмауымыз маңызды», – деп есептейді Дивеева.
Жүктің әрі қарайғы бағыты оны жөнелтушінің қайда жеткізуді жоспарлағанына байланысты. Каспий теңізі арқылы тасымалдау кезінде теміржол логистикалық тізбегіне порттар мен теңіз қатынасы қосылады.
ЭЫДҰ Қазақстан аумағындағы Транскаспий дәлізінің негізгі шектеулерінің қатарына кемелердің жетіспеушілігін, сондай-ақ Ақтау және Құрық порттарындағы мультимодальды инфрақұрылымның жеткіліксіздігін жатқызады.
«Жүк жөнелтуші тасымалдың қанша тұратынын, қанша уақыт алатынын және жүгінің қай жерде екенін алдын ала білуі тиіс. Еуропалық бизнес үшін маршрут таңдаудағы басты өлшемдердің бірі дәл осы болжамдылық болады», – деп түсіндіреді Дивеева.
Оның пікірінше, бұл үшін бірыңғай цифрлық құжаттар, теміржол әкімшіліктері мен кеден органдары арасында деректер алмасу, келісілген тарифтер және шекарадан өтудің ашық әрі түсінікті ережелері қажет.
Бақты – Аягөз желісі Қазақстанның Қытаймен шекарадағы көлік-транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді. Алайда бұл әлеуетті толық пайдалану үшін жүктердің әрі қарай кедергісіз қозғалуын қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін теміржол учаскелерін, станцияларды, жылжымалы құрамды және терминалдарды дайындау қажет.
Сонда шекарадағы өткізу мүмкіндіктерінің кеңеюі жүктерді кейінгі бағыттар бойынша неғұрлым сенімді әрі тұрақты жеткізумен ұштасады.
Дереккөз: Qazaq expert club
Келесі материал: Қазақстанда балаларға ата-анасыз қалааралық және халықаралық автобуспен жүруге рұқсат беріледі
