Семей қаласында биіктігі 15 метр болатын Владимир Ленин ескерткішін бұзу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс барысында монумент апатты жағдайда құлаған, деп жазады КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін Семейдің орталық бөлігіндегі Жамақаев көшесінде орналасқан саябақта кеңестік кезең басшыларының бірнеше мүсіні мен бюсті болған. Кейін олардың барлығы алынып, аумақ қайта жаңартылған. Ал Ленин ескерткіші осы уақытқа дейін сақталып келген.
Аталған монумент Қазақстандағы ғана емес, ТМД аумағындағы Владимир Ленинге арналған ең ірі ескерткіштердің бірі саналады. Ол осыдан 50 жылдан астам уақыт бұрын орнатылған.
Соңғы уақытта ескерткіштің жағдайына жақын маңдағы үйлердің тұрғындары шағымдана бастаған. Олардың айтуынша, монументтің сыртқы келбеті нашарлап, құлау қаупі туындаған.
Тұрғындардың алаңдаушылығын арнайы комиссия да назарға алған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, топырақтың жұмсақ болуына байланысты мүсін бір жағына қарай қисайған.
Семей қаласы әкімдігінің мәліметінше, тексеру барысында тірек тораптары мен тірек тақтасының зақымдануы, металл конструкцияларының қатты коррозияға ұшырауы, сондай-ақ өтпелі жарықтар мен саңылаулар анықталған.
Әкімдік өкілдері бұл ақаулар конструкцияның көтергіш қабілетін айтарлықтай төмендетіп, мүсін бөліктерінің құлау қаупін тудырғанын мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қала билігі ескерткіштің бұзылғаннан кейінгі тағдыры қалай болатынын нақтылаған жоқ.
Келесі материал: Қытай мен Орталық Азия БАҚ өкілдері ынтымақтастықты нығайтуда
