6-7 қараша күндері Астанада Анна Алябьеваның жүлдесіне арналған көркем гимнастикадан VII «Cinderella Cup – 2026» ашық турнирі өтті. Жарысқа Қазақстанның әр өңірінен 300-ге жуық жас гимнастшы қатысты. Биылғы сайыстың ерекшелігі – мүмкіндігі шектеулі балаларға да гимнастикамен айналысуға жол ашатын бейімделген спорт жобасының таныстырылуы болды деп жазады, SteppeNews.kz.
Турнирдің ашылу салтанатында Даун синдромы бар жас гимнастшы Томирис арнайы көрсетілім нөмірін орындады. Оның өнер көрсетуі жарыстың есте қалған сәттерінің біріне айналды. Осылайша, биылғы Cinderella Cup спорттық жетістіктермен қатар, әр баланың қабілетін көрсетуіне мүмкіндік беретін бастамаларымен де ерекшеленді.
Жобаны Анна Алябьеваның көркем гимнастика мектебі ұсынды. «Бейімделген көркем гимнастика» деп аталатын әлеуметтік бастама мүмкіндігі шектеулі балалардың спортқа араласуына, қабілетін дамытуына және көпшілік алдында өнер көрсетуіне жағдай жасауға бағытталған.

Бастаманы Қазақстан Халық партиясы қолдады. Осы бағыттағы бірлескен жұмысты жүзеге асыру үшін партия мен Анна Алябьеваның мектебі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
Жарыстың құрметті қонағы Қазақстан Халық партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов болды.
«Біз көркем гимнастиканы жоғары жетістіктер спорты ретінде қабылдауға үйренгенбіз. Алайда кейбір балалар үшін кілемге шығып, өнер көрсету мүмкіндігінің өзі – үлкен жеңіс. Мұндай мүмкіндіктердің саны артуы керек», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Бейімделген гимнастиканы дамыту мәселесі бұған дейін де Қазақстан Халық партиясының ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған дөңгелек үстелінде талқыланған еді. Сол кезде Анна Алябьева Special Olympics жарыстарына спортшыларды дайындау тәжірибесімен бөлісіп, елімізде осы бағытты дамыту жоспарлары туралы айтқан болатын.
Инклюзивті спортты қолдау бастамалары басқа бағыттарда да қолға алынған. Мәселен, Нұрсұлтан Шоқанов басқаратын Қазақстанның Альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған парақұзға өрмелеу спортын дамытып келеді.
Ұйымдастырушылардың мақсаты – бейімделген көркем гимнастиканы балалар арасында кеңінен қолжетімді ету. Ол үшін арнайы жаттығу бағдарламаларын әзірлеп, денсаулық мүмкіндіктері әртүрлі балалармен жұмыс істей алатын мамандар даярлау қажеттігі атап өтілді.
Айта кетейік, Cinderella Cup турнирі 7 қарашада аяқталды. Екі күнге созылған жарыста қатысушылар жеке және топтық жаттығулар бойынша өнер көрсетті.
Келесі материал: Қытай 4 мыңнан астам шетелдік компанияны импорт көрмесіне жинады
