Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары жүргізіп жатқан тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауында, деп жазады SteppeNews.kz Қаазақстан Республикасы Бас прокуратурасына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу шаралары жүргізілген. Бүгінге дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалған.
Тергеу аясында қызметке салғырт қарады және кеме жүргізу қағидаларын бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың қатарында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, оның екі орынбасары, әскери бөлімдер мен теңіз жаяу әскері бөлімшелерінің командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Жақын арада тергеу әрекеттерін аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жарияланбайды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлауынан 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 сарбаз қаза тапты.
Келесі материал: ҚР Ғылым академиясында II Халықаралық Shoqan Forum басталды
