Жыл сайын Қазақстанда эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеуді қажет етуі мүмкін балалар саны 4 500-ге дейін жетеді. Алматыда Қазақстандағы алғашқы 128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешені іске қосылды. Жаңа жабдық аурудың күрделі түрлерін дәлірек анықтауға және нейрохирургиялық операциялар жүргізуге мүмкіндік береді.
Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында Қазақстандағы алғашқы 128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешені жұмысын бастады. Жүйе пациенттің мінез-құлқын бейнежазбаға түсіре отырып, миының биоэлектрлік белсенділігін ұзақ уақыт бойы тіркеуге арналған.
Жабдықтың басты артықшылығы — жазу арналарының саны. Олардың саны дәстүрлі ЭЭГ жүйелеріне қарағанда бірнеше есе көп. Бұл мидың электрлік белсенділігін егжей-тегжейлі зерттеп, ұстамалардың қай жерде басталатынын дәлірек анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кешен эпилепсиялық ұстамаларды эпилепсиялық емес ұстамалардан ажыратуға, нейрохирургиялық араласуды жоспарлауға, операциядан кейінгі бақылау жүргізуге және наркоздағы немесе комадағы пациенттердің жағдайын бағалауға көмектеседі.
Жабдықты ауруханаға AYALA қайырымдылық қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте табыстады.
Қазақстанда эпилепсиямен 94 мыңға жуық адам есепте тұр
Эпилепсия — қайталанатын құрысу немесе құрысусыз ұстамалармен сипатталатын мидың созылмалы ауруы. Ұстамалар ми жүйке жасушаларының электрлік белсенділігі бұзылған кезде пайда болады.
Қазақстанда эпилепсия әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізілген. Диспансерлік науқастардың бірыңғай тіркелімінің мәліметтері бойынша, елімізде эпилепсия диагнозымен шамамен 94 мың пациент есепте тұр. Олардың 31 мыңы — балалар.
Мемлекет мұндай пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жыл сайын шамамен 4 млрд теңге бөледі. Алайда кейбір балаларда эпилепсияға қарсы дәрі-дәрмектерді қабылдағанына қарамастан, ұстамалар жалғаса береді. Мұндай ауру түрі фармакорезистентті эпилепсия деп аталады.

Күрделі жағдайларда дәрігерлер хирургиялық емдеуді ұсынуы мүмкін. Операция кезінде ұстама туғызатын ошақ алып тасталады. Ал бірнеше ошақ мидың маңызды қызметтеріне жауап беретін аймақтарда орналасса, оларды нысаналы әсер ету арқылы жоюға болады.
Хирургиялық араласу туралы шешім миды жан-жақты тексеру нәтижелері бойынша ғана қабылданады. Жаңа бейне-ЭЭГ кешені терең электродтарды имплантациялау кезінде қолданылып, мидың терең құрылымдарының белсенділігін ұзақ уақыт тіркеуге мүмкіндік береді. Арналары аз дәстүрлі ЭЭГ жүйелерінде мұндай мүмкіндік жоқ.
Қазақстандық дәрігерлер жаңа әдістерді меңгеруде
«Шеврон Евразия» компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Жанар Қошпанова:
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, әлемде эпилепсиямен шамамен 50 миллион адам ауырады. Олардың қатарында Қазақстандағы мыңдаған бала да бар. Өкінішке қарай, дәрі-дәрмектер ұстамаларды тоқтатуға көмектеспеген жағдайда баланың өмір сапасы мен дамуы зардап шегеді. Қаржылық мүмкіндігі бар отбасылар балаларын шетелге емделуге жібереді.
Мұндай көмектің Қазақстандағы барлық балаға қолжетімді болуы мүмкін екенін және солай болуы тиіс екенін түсіне отырып, «Шеврон» компаниясы заманауи бейне-ЭЭГ мониторингі кешенін сатып алуға және балалар нейрохирургтерін, невропатологтар мен нейрофизиологтарды хирургиялық емдеудің жаңа әдістеріне оқытуға қолдау көрсетті. Соның арқасында дәл диагностика мен қажетті емді шетелге шықпай-ақ Қазақстанда алуға мүмкіндік туады», — деді.
Қазақстандық дәрігерлердің кәсіби дағдыларын жетілдіру мақсатында AYALA қорының шақыруымен Алматыға Берлиндегі «Шарите» университеттік клиникасының (Charité – Universitätsmedizin Berlin) балалар нейрохирургиясы бөлімінің басшысы, профессор Ульрих-Вильгельм Томале келді. Бұл клиника әлемдегі жетекші медициналық орталықтардың бірі саналады.

Профессор Томале балалар нейрохирургиясы мен нейроонкологияға, соның ішінде эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеуге маманданған.
Шеберлік сабағы жаңа кешенмен жұмыс істеу бойынша практикалық сабақтардан басталды. Одан кейін профессор қазақстандық нейрохирургтермен бірге жаңа жабдықты пайдаланып, фармакорезистентті эпилепсиясы бар 12 жастағы Әлиханға операция жасады.
Алдымен дәрігерлер эпилепсиялық белсенділік ошақтарын дәл анықтау үшін мидың терең құрылымдарына электродтар имплантациялады. Бірнеше күннен кейін ошақтар анықталған соң, мамандар оларды хирургиялық жолмен алып тастайды немесе сол электродтар арқылы нысаналы әсер етіп жояды.
Аурухана жылына 300-ге дейін зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр
Алматы қаласының №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында күрделі неврологиялық және нейрохирургиялық ауруларды емдеуде тәжірибесі мол нейрохирургтер мен эпилептологтар жұмыс істейді.
2026 жылдың басында осы клиниканың мамандары Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет балалардағы ұстама ошағын анықтау үшін терең электродтарды имплантациялады.
Ол кезде бейне-ЭЭГ мониторингі аппараты клиникаға тек сынақ кезеңіне беріліп, сынақ аяқталғаннан кейін жеткізушіге қайтарылды. Соның салдарынан балаларға жоғары технологиялық көмек көрсету уақытша тоқтады.
Енді дәрігерлердің өз кешені бар. Бұл Қазақстанның барлық өңірінен келетін балаларға осындай диагностика мен хирургиялық емді тұрақты негізде жүргізуге мүмкіндік береді.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров:

«Ауруханамыздың мамандары терең электродтарды имплантациялау әдісін меңгергенін әлдеқашан дәлелдеді. Тұрақты жұмыс істеу үшін бізге тек өз жабдығымыз жетіспеді. Көрсеткен қолдауы үшін AYALA қоры мен «Шеврон» компаниясына шын жүректен алғыс айтамыз. Алғашқы кезеңде жылына 200–300 бейне-ЭЭГ зерттеуін және 20 операция жасауды жоспарлап отырмыз. Осылайша фармакорезистентті эпилепсиясы бар балалармен қатар, құрысу ұстамаларымен қатар жүретін ми ісіктері бар балаларды да қамтимыз», — деді.
128 арналы бейне-ЭЭГ мониторингі кешенінің арқасында алғашқы он жыл ішінде ауруханада шамамен 2 500 диагностикалық зерттеу және кемінде 300 операция жасалады деп күтілуде.
Мұндай көмектің көлемі артқан сайын аурухана Қазақстан мен Орталық Азиядағы эпилептологиялық диагностика бойынша референс-орталыққа айналуы мүмкін.
AYALA қоры дәрігерлерді оқытуға да қолдау көрсетеді
AYALA қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменова:

«Бейне-ЭЭГ мониторингі кешені ұзақ жыл пайдалануға арналған. Мұндай техниканы жаңартудың нормативтік мерзімі — 5–7 жыл, алайда біздің тәжірибемізде қор табыстаған жабдықтар 10–15 жыл қызмет етеді.
AYALA қоры 19 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның медициналық мекемелерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп, оларды инновациялық техникамен жабдықтауға көмектесіп келеді.
Осы жылдардағы басты сабақ — жабдықтың өзі жеткіліксіз. Аппаратпен арнайы дайындықтан өткен дәрігер жұмыс істегенде ғана ол балаларға шын мәнінде көмектесе бастайды. Сондықтан қор Қазақстанның әр өңіріндегі дәрігерлерді оқыту үшін жетекші мамандарды тұрақты түрде шақырады. Бұл жұмыста бізді тұрақты серіктесіміз — «Шеврон» компаниясы қолдап отырғанына қуаныштымыз», — деп атап өтті.

Анықтама
AYALA қайырымдылық қоры — Қазақстандағы неонатология саласына маманданған қайырымдылық қоры. 2007 жылдан бері ана мен баланы қорғау бағытында жобаларды жүзеге асырып келеді. Қордың мақсаты — неонаталдық өлім-жітім мен туа біткен мүгедектікті азайтуға мемлекетке көмектесу.
Қор осы уақытқа дейін денсаулық сақтау жобаларына 3,8 млрд теңгеден астам қаражат бағыттап, жаңа туған нәрестелерге арналған 68 реанимация және қарқынды терапия бөлімін жабдықтауға көмектесті. Сонымен қатар 3 000-нан астам дәрігер мен медбикені оқытуды ұйымдастырды.
«Шеврон» — әлемдегі жетекші интеграцияланған энергетикалық компаниялардың бірі. Компания мұнай мен табиғи газ өндірумен, жанар-жағармай, мұнай-химия өнімдері мен қоспаларын шығарумен айналысады. Сондай-ақ көміртегі шығарындыларын азайтуға және жаңартылатын отын, көміртекті ұстау, сутегі сияқты төмен көміртекті технологияларды дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады.
Келесі материал: Алматының 11 оқушысы жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін АҚШ-қа жол тартты
