Алматының Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне жататын, аю бейнесінде жасалған алтын мүсінше табылды. Археологтардың болжамынша, жәдігер бас киімге тағылатын әшекей ретінде қолданылған, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Алдын ала зерттеу нәтижелері бойынша, қорымдағы оба біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жатады. Мамандардың айтуынша, Қазақстан аумағында бұған дейін аю бейнесіндегі мұндай алтын бұйым кездеспеген.
Табылған жәдігер Еуразияның Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі аумағындағы мәдени байланыстар мен тарихи ұқсастықтарды зерттеуге мүмкіндік береді.

Қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары да анықталды. Қазіргі уақытта археологиялық зерттеулер жалғасып жатыр.
Ғылыми өңдеу жұмыстары аяқталғаннан кейін құнды жәдігерлерді Алматы музейінде көпшілікке таныстыру жоспарланып отыр.
Археологиялық қазбаларды Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі жүргізді.

