Қазақстан мен Қытай техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Қытайға жұмыс сапары барысында белгілі болды деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Министр Тяньцзинь қаласында өткен «Техникалық және кәсіптік білім беру: өзгерістерді қабылдау, стандарттарды қалыптастыру және ортақ болашақты құру» атты халықаралық конференцияға қатысты. Жиында кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту, мамандар даярлау сапасын арттыру және халықаралық стандарттарды жетілдіру мәселелері қаралды.

Қазақстандық делегация білім министрлерінің дөңгелек үстеліне қатысып, «Бейжің келісімі» аясындағы тәсілдерді талқылады. Сондай-ақ «Техникалық білім беру Жібек жолы бойындағы ынтымақтастықтың жаңа келбетін қалыптастырады» атты сессияда Қазақстанның еңбек нарығы сұранысына сай білікті кадрлар даярлау тәжірибесі таныстырылды.
Сапар аясында Жұлдыз Сүлейменова Қытайдың Білім министрі Хуай Цзиньпэнмен және Білім вице-министрі Ван Гуаньяньмен кездесті. Тараптар білім беру саласындағы әріптестікті нығайту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.


Қытай тарапы техникалық-кәсіптік және инженерлік білім беру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету, академиялық ұтқырлықты кеңейту және цифрлық білім беру бағытындағы бірлескен жұмысты дамыту жөнінде ұсыныстар білдірді.
Келесі материал: Қырғызстан инфрақұрылымға 500 млн доллар тартуды жоспарлап отыр
