Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында әлемге әйгілі италиялық режиссер Стефано Пода қойған Джакомо Пуччинидің «Тоска» операсының премьералық көрсетілімдері өтіп жатыр. Қойылымды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері мен зиялы қауым өкілдері тамашалады деп хабарлайды SteppeNews.kz.

Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу премьераға жиналған көрермендерге ізгі тілегін білдіріп, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
«Италияның опера өнері заманмен бірге дамып келеді. Билік, еркіндік, адамның ар-намысы мен қадір-қасиеті бүгінгі қойылымдарға да арқау болып отыр. Сондықтан операға тек өткеннің мұрасы деп қарауға болмайды. Италия мен Қазақстан осы өнерді өркендету жолында бірлесе еңбек етуге ниетті», – деді елші.

Бұған дейін, бір ай бұрын, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Астанада Стефано Подамен кездескен болатын. Тараптар мәдени ынтымақтастықты дамыту және бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының тарихында алғаш рет Туриндегі Корольдік Реджо театрымен шығармашылық әріптестік аясында осындай ауқымды халықаралық жоба әзірленді. 1740 жылы құрылған Реджо театры – Еуропадағы ең көне опера театрларының бірі. Бұған дейін Италиядағы Реджо және Ресейдің Үлкен театрларында көрсетілген туындының жаңа сахналық нұсқасын енді қазақстандық көрермен тамашалап жатыр.

Стефано Пода қойылымның режиссері болумен қатар, хореограф, сценограф, костюм және жарық суретшісі қызметтерін де атқарды. Оның көркемдік тұжырымдамасында музыка, сахналық қозғалыс пен заманауи технологиялар біртұтас шешім тапқан. Қойылымда 3D-проекциялар және Туринде арнайы әзірленген үш мыңнан астам элементтен тұратын костюмдер қолданылған.
Басты партияларды Абай атындағы опера және балет театрының солисі Евгения Смольянина (Флория Тоска), Нұржан Бажекенов пен Балуан Беркенов (Марио Каварадосси), сондай-ақ Әзербайжанның халық әртісі, Ресейдің Үлкен театрының солисі Эльчин Азизов (барон Скарпиа) орындап жатыр.
Қоюшы дирижер – Нұржан Байбусинов, бас хормейстер – Әлия Темірбекова.


Джакомо Пуччини «Тоска» операсын Викторьен Сардудың драмасы негізінде Луиджи Иллика мен Джузеппе Джакоза жазған либреттоға шығарған. Оқиға 1800 жылғы Римдегі саяси жағдай аясында өрбиді. Туындыда трагедияға ұласқан махаббат пен сатқындық тақырыптары қозғалады.
1900 жылы Римде алғаш сахналанған «Тоска» әлемдік музыка өнерінің алтын қорына енген. Алматыдағы жаңа қойылым операның тарихын Қазақстан сахнасында жалғастырып жатыр.
Келесі материал: ЕТЖ 110 мың теңгеге дейін көтеріледі: Ұлттық экономика министрлігінің 2027 жылға арналған жоспары
