Алматыдағы Shymbulak тау курорты халықаралық SKI BUSINESS AWARDS 2026 салалық сыйлығының лауреаты атанды. Марапат туристік қызметті дамыту және қызмет көрсетудің жаңа стандарттарын енгізу бағытындағы жұмысы үшін Velvet Shymbulak Club клубтық бағдарламасына берілді деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының Туризм басқармасына сілтеме жасап.
Марапаттау рәсімі 28 қазанда Мәскеуде Туристік аумақтар форумы аясында өтті. Shymbulak бұл сыйлықты бесінші рет иеленіп отыр. Бұған дейін курорт 2021, 2023, 2024 және 2025 жылдары түрлі номинациялар бойынша марапатталған.
Курорттың халықаралық деңгейде мойындалуы Алматы тау кластерін дамыту жобасымен қатар жүзеге асып отыр. Жоба аясында 32 жаңа аспалы жол салу, тау шаңғысы трассаларының ұзындығын 151 шақырымға дейін жеткізу және курорттық инфрақұрылымның тәуліктік өткізу қабілетін 6 мыңнан 30 мың адамға дейін арттыру көзделген.
Қазіргі уақытта Shymbulak курортында, сондай-ақ Бутаковка мен Қимасар шатқалдарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың соңына дейін курортта екі жаңа аспалы жол салу және шаңғы тебу аумағын кеңейту жоспарланған.
Тау кластерін дамыту жыл бойы демалуға қолайлы жағдай жасауға, қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға және тау курорттарын тұрғындар мен туристер үшін қолжетімді етуге бағытталған.
Туризм басқармасының мәліметінше, инфрақұрылымның кеңеюі келушілер санын арттыруға, туристік қызметтерді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Қырғызстанда әлемдегі ең ұзын шыны көпір салынады
