2027 жылы Түркістан қаласы Ислам әлемінің мәдени астанасы мәртебесін алады. Тиісті шешімді Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО) қабылдады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп жазады SteppeNews.kz.
Жаңа мәртебе аясында шаһарда түркі цивилизациясының рухани бірлігі мен мәдени мұрасын сақтауға бағытталған бірқатар халықаралық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Орталық оқиғалардың бірі — әдебиет пен тіл мәселелеріне арналған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық форум болмақ. Бұдан бөлек, Түркістанда түркі және ислам әлемі елдерінің музей ісі мамандарының кездесуі өтеді.
Мемлекет басшысы бұл қуанышты жаңалықты 30 қазанда өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
Бұған дейін Түркі мемлекеттері ұйымының 13-ші саммитінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтарының мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту мен тарихи мұрасын сақтаудың маңыздылығын атап өткен болатын.
Сондай-ақ Президент Түркістанда Түркі цивилизациясы орталығын және Дала цивилизациясын дәріптеуге бағытталған «Мәңгілік ел» орталығын құру бастамаларын еске салды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қазірдің өзінде қарқынды жүргізілуде.
Оған қоса, Қазақстан түркі елдері ғалымдарының қатысуымен «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты іргелі жеті томдық басылымды дайындауды жалғастыруда.
Келесі материал: 1 қарашадан бастап Қазақстанда не өзгереді: Визасыз режим, жаңа ережелер мен тарифтер
