Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен туризмді ұштастыратын агротуризм бағыты дамып келеді. Мұндай жобалар туристерге ауыл шаруашылығының ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік берсе, өңірлердегі кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етеді. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Осы бағыттағы нысандардың бірі – «Банан бау» фермасы. Түркістан облысының Сайрам ауданында, Шымкент қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан шаруашылықтың аумағы 5 гектарды құрайды. Мұнда 7 мыңнан астам банан ағашы өсіріледі.
Ферма ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірумен қатар, келушілерге арналған танымдық демалыс орнын ұсынады. Туристер банан өсіру технологиясын, жылыжай шаруашылығының ерекшеліктерін және өнімді күтіп-баптау мен жинау кезеңдерін көре алады. Сонымен қатар мұнда экскурсиялар ұйымдастырылып, жергілікті өнімдерді сатып алуға мүмкіндік бар.
Агротуризм Қазақстанның ауылдық өңірлері үшін қосымша табыс көзіне айнала алады. Фермерлік шаруашылықтар, жылыжайлар, омарталар мен ұлттық тағам өндіретін кәсіпорындар туристік маршруттарға енгізілсе, саяхатшыларға ұсынылатын бағыттар да көбейеді.
Бұл саланың тағы бір ерекшелігі – туристерге жыл бойы қызмет көрсету мүмкіндігі. Әсіресе жылыжай шаруашылықтары маусымдық шектеулерді азайтып, тұрақты экскурсиялар өткізуге қолайлы жағдай қалыптастырады.
«Банан бау» фермасы ауыл шаруашылығы нысандарын туристік бағытқа айналдырудың бір үлгісі саналады. Мұндай жобалар өңірлердің әлеуетін танытып, Қазақстандағы туристік демалыс түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Келесі материал: Ресейдің Үлкен театр балеті Қытайдағы гастрольдік сапарын аяқтады
