2026 жылғы 24 қазанда Қазақстанның Астана қаласынан Оманның Салала қаласына Air Astana әуе компаниясының жаңа халықаралық рейсі ашылды. Рейстер Airbus A320 ұшағымен орындалады. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жаңа бағыт Мемлекет басшысының авиация саласын дамыту, халықаралық рейстер географиясын кеңейту және Қазақстанның транзиттік авиациялық хаб ретіндегі орнын нығайту жөніндегі тапсырмалары аясында іске қосылды.
6 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың кездесуі барысында екі ел үкіметтері арасында әуе қатынасы туралы келісімге қол қойылған болатын.
Жаңа рейстің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Air Astana әуе компаниясының аға вице-президенті Ерболат Байсалықов, Астана халықаралық әуежайы басшылығының өкілдері және Оманның Қазақстандағы елшілігінің өкілдері қатысты.
Алғашқы рейспен 140 жолаушы ұшты. Бұған дейін, 23 қазанда, Алматыдан Салалаға алғашқы рейс орындалып, ондағы жолаушылар орындары да толық толды.
Қазір Қазақстан мен Оман арасында SalamAir әуе компаниясы Алматы – Маскат бағыты бойынша рейстер орындайды. Air Astana компаниясының жаңа бағыттары екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтеді.
Жаңа рейстер туристік, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды дамытуға, сондай-ақ азаматтардың екі ел арасында саяхаттау мүмкіндіктерін арттыруға ықпал етеді.
Келесі материал: Моңғолия мен Германия жоғары білім саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді
