Грузияның Ұлттық банкі азаматтарды қаржылық алаяқтық схемаларынан сақ болуға шақырды. Соңғы уақытта белгісіз адамдар WhatsApp және басқа да байланыс құралдары арқылы хабарласып, өздерін Грузияның Ұлттық банкінің қызметкерлері ретінде таныстырған бірнеше жағдай тіркелген. Сонымен қатар банк логотипін заңсыз пайдалану деректері анықталған деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Банк мәліметінше, алаяқтар азаматтарға несие алуға және басқа да қаржылық операцияларды жүргізуге көмектесуді ұсынады.
Осындай жағдайлардың бірінде азаматқа коммерциялық банктің атынан хабарласып, оның атына мақұлданған несиені алу үшін келісімшарт жасау керектігін айтқан. Азамат несиеге өтініш бермегенін мәлімдегеннен кейін, оған Ұлттық банк атынан қайта хабарласып, несиені пайдалануға көндірген. Соның салдарынан азамат қашықтан қызмет көрсету жүйесіне кіріп, интернет-банкинг арқылы несиені іске қосқан және алынған қаражаттың бір бөлігін үшінші тұлғаның шотына аударған. Кейін оның алаяқтықтың құрбаны болуы мүмкін екені анықталған.
Ұлттық банк мұндай әрекеттерде алаяқтар әлеуметтік инженерия әдісін қолданатынын атап өтті. Олар азаматтардың банк шоттарына өздері қол жеткізуге тырысады немесе клиенттерді белгілі бір операцияларды өз еркімен жасауға итермелейді. Бұл қаржылық шығынға әкелуі мүмкін.
Банк өкілдері Ұлттық банктің коммерциялық банктерден айырмашылығы жеке және заңды тұлғаларға несие бермейтінін, депозит қабылдамайтынын түсіндірді. Сондай-ақ ол коммерциялық банктерден қаржылық өнімдер алу кезінде клиенттерге делдалдық көмек көрсетпейді. Мұндай қызметтер Ұлттық банктің заңмен белгіленген өкілеттігіне кірмейді.
Осыған байланысты азаматтарға жеке және қаржылық деректерін, соның ішінде интернет-банкингке кіруге арналған логин мен құпиясөзді бөгде адамдарға бермеу ескертілді. Бейтаныс адамдар жіберген күмәнді сілтемелерге деректерді енгізуге және олардың нұсқауымен банк немесе төлем картасына қатысты операциялар жасауға болмайды.
Қаржылық өнімдер туралы ұсыныс түскен жағдайда азаматтарға ақпаратты алдымен өздері қызмет алатын қаржы ұйымы арқылы тексеру ұсынылады. Алаяқтық белгілері байқалса, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.
Грузияның Ұлттық банкі қаржы саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жиі кездесетін алаяқтық схемалары туралы ескертулер мен ақпараттық материалдарды ресми сайттарында тұрақты түрде жариялап отырады.
Келесі материал: Ұлттық банк «AQYQ» коллекциялық монетасын айналымға шығарады
