Қазақстан Ұлттық Банкі «Сиқырлы рәміздер» сериясындағы «AQYQ» коллекциялық монетасын айналымға шығарады. Бұл туралы SteppeNews.kz Қазақстан Ұлттық Банкіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Монетаның атауы қазақтың «ақық» сөзімен байланысты. Ол зергерлік бұйымдар мен сәндік заттар жасауға қолданылатын халцедон тобына жататын жартылай асыл тастарды білдіреді.

Монетаның дизайнында қазақтың дәстүрлі зергерлік өнері көрініс тапқан. Атап айтқанда, оның безендірілуінде ұсақ түйіршіктермен өрнектеу, сыртқы бетіне ұлттық ою салу және сердолик тасын кіріктіру тәсілдері қолданылған. Жоғарғы бөлігінде шынжыр немесе бау өткізуге арналған тесік бар. Осылайша монетаны әшекей ретінде тағуға болады.
Монета 925 сынамалы күмістен жасалған, құрамында сердолик тасы бар. Салмағы — 20 грамм, диаметрі — 33 мм. «Antique silver» сапасымен шығарылған монетаның номиналы — 1 000 теңге. Таралымы — 5 000 дана.
Коллекциялық монеталар Қазақстан аумағында барлық төлем түрлері бойынша номиналдық құнына сай қабылданады. Сондай-ақ оларды банк шоттарына есептеуге, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.
Келесі материал: Тәжікстан жастары қытай тілін үйрену арқылы армандарына жол ашуда
