2026 жылғы 16 қазанда Астанада «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ («ҚазжолҒЗИ») мен China TransInfo Group компаниясы зияткерлік көлік жүйелері және автономды көлік технологиялары бойынша Бірлескен құзыреттер орталығын құру жөнінде келісімге қол қойды. Бұл туралы SteppeNews.kz ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық зияткерлік көлік жүйелерін жетілдіру, автономды жүргізу технологияларын дамыту және жол инфрақұрылымын цифрландыру бағыттарындағы серіктестікті нығайту үшін құрылады. Зияткерлік көлік жүйелері, көлік аналитикасы, жол инфрақұрылымын цифрландыру және автономды жүргізу технологияларына маманданған China TransInfo Group компаниясының тәжірибесі «ҚазжолҒЗИ»-дің жол зерттеулері, стандарттау және нормативтік реттеу салаларындағы ғылыми-техникалық сараптамасымен ұштастырылады.
Бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – Қытай мен Қазақстан арасындағы халықаралық көлік дәлізінде автономды жүк тасымалы бойынша пилоттық жобаны іске асыру. Сондай-ақ көлік құралдарының салмағы мен габариттерін автоматты түрде бақылау жүйелерін енгізу, қозғалыс кезінде өлшеуге мүмкіндік беретін WIM технологиясын қолдану және автономды көліктерді сынайтын арнайы полигон құру жоспарланып отыр.
Бұған қоса, көлік операцияларын басқару орталығын құру мүмкіндігі қарастырылуда. Ол үшін салалық ақпараттық жүйелерді біріктіру және деректер алмасу тетіктерін енгізу мәселелері пысықталады. Тараптар мамандардың тәжірибе алмасуы, біліктілігін арттыру, бірлескен семинарлар өткізу және өзара жұмыс сапарларын ұйымдастыру жөнінде де пікір алмасты. Кездесу қорытындысы бойынша басым бағыттар мен алдағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру қадамдары белгіленді.
«Орталық озық цифрлық және автономды көлік технологияларына ғылыми-техникалық баға беруге және оларды Қазақстан жағдайына бейімдеуге арналған алаңға айналады. Біздің мақсатымыз – пилоттық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету және жол саласының нормативтік-техникалық базасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу», – деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ вице-президенті Кенжебек Азатбеков.
Жаңа орталық Қазақстандағы зияткерлік көлік инфрақұрылымын дамытуға, ғылыми-техникалық мүмкіндіктерді кеңейтуге және халықаралық көлік дәліздерінде заманауи технологияларды қолдануға ықпал етпек.
Келесі материал: 2030 жылға қарай Тәжікстан Орталық Азиядағы түсті металлургия орталықтарының біріне айналуы мүмкін
