Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде Қазақстанның Қызыл кітабына енген қар барысына спутниктік қарғыбау орнатылды. Оңтүстік Алтайда алғаш рет жүргізілген ғылыми жұмыс сәтті аяқталды. Мамандар қар барысына «Алтай» деген ат берді деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Спутниктік құрылғы жануардың қозғалысын бақылауға, жүріп өтетін бағыттары мен мекендейтін аумақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Жиналған деректер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау шараларын тиімді жоспарлауға көмектеседі.
Қар барысы негізінен адам аяғы сирек жететін биік тауларда тіршілік етеді. Сондықтан оны табиғи ортасында бақылау қиын. Спутниктік қарғыбау зерттеушілерге жануардың қозғалысы туралы нақты мәлімет алуға мүмкіндік береді.
16 қазанда Ереванда өткен COP17 саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қар барысының саны шамамен 190 дараққа жеткенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы бұл нәтижеге табиғатты қорғау және ғылыми бақылау жұмыстарының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті.
Қарғыбау орнату жұмысына Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері Е. Қасымов пен Ж. Аманбаев, сондай-ақ Зоология институтының мамандары А. Грачев, М. Беспалов, С. Беспалов және С. Сапарбаев қатысты. Жоба Pernod Ricard Kazakhstan компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Алдағы уақытта спутниктік деректер негізінде «Алтай» қар барысының қозғалыс бағыттары мен мекендейтін аумақтары зерттеледі. Бұл Оңтүстік Алтайдағы сирек кездесетін жыртқышты қорғау жөніндегі ғылыми жұмыстарды жетілдіруге мүмкіндік береді.
Келесі материал: Алматыда 60 шақырымдық D’Giro Almaty 2026 шосселік веложарысы мәресіне жетті
