Қазақстандық команда дәстүрлі қымызды алюминий банкада шығару идеясы үшін қаптама дизайнындағы ең беделді халықаралық Pentawards байқауының «қоласын» жеңіп алды. Бұл туралы SteppeNews.kz сайты SAF Qymyz ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Астана, 2026 жылғы 19 қазан. Бренд-стратег Ырысты Ерденнің жетекшілігімен жасалған қазақстандық SAF Qymyz жобасы (байқау тізілімінде – SAF Brand Concept) қаптама саласындағы халықаралық Pentawards 2026 сыйлығының қола жүлдесін жеңіп алды. Байқаудың қорытындысы 16 қазанда Лондонда өткен салтанатты рәсімде жарияланды.
Бұл жеңіс отандық индустрия үшін жарқын оқиға болды. 2007 жылы Бельгияда негізі қаланған Pentawards сыйлығы қаптама дизайны бойынша ең маңызды халықаралық сайыстардың бірі болып саналады. Биыл байқау өзнің 20 жылдығын атап өтіп, әлемнің 66 елінен 2 000-нан астам өтінім жинады. Шорт-листке 700-ден астам жұмыс енсе, қорытынды марапаттарды қатысушылардың 20%-дан азы ғана иеленді.
«Даланың ақ шарабы» заманауи ырғақта

SAF Qymyz жобасы әлемдегі ең көне сусындардың бірін қайта пайымдап, оны заманауи жас қала тұрғынының күнделікті өміріне қайта орартуды ұсынады. XIII ғасырдағы еуропалық саяхатшылар «даланың ақ шарабы» деп атаған қымыз бүгінде жаппай тұтыну нарығынан дерлік жоғалды. Ол негізінен атаусыз пластик бөтелкелерде сатылады немесе мейрамханаларда туристерге ұсынылады.
SAF жаңа форматты – дәстүрлі сусынды мобильді, қолжетімді және жолда ішуге ыңғайлы ететін алюминий банканы ұсынады.
-
Атауының мәні: «Саф» сөзі қазақ тілінен аударғанда «таза» дегенді білдіреді (мысалы, «саф алтын» деген тіркестегідей). Бұл дәмнің тазалығын, шығу тегін және лаконикалық визуалды логиканы білдіреді.
-
Визуалды код: Графиканың негізінде дәстүрлі кеселердің силуэттері жатыр. Бір банканың көлемі екі кесеге тең, бұл қонақжайлылық пен ритуалдың басты элементі болып табылатын сусынды бірге ішуді символдайды.
«SAF жобасының идеясы қарапайым сұрақтан туындады: мың жылдық тарихы бар сусынның неге әлі күнге дейін заманауи формасы жоқ? Бізде мұндай құнды дүниелер өте көп, бірақ олар бүгінгі қала тұрғыны түсінетін тілде ұсынылмай жатады», – дейді бренд-стратег Ырысты Ерден.
Нарыққа арналған сигнал және қос жеңіс
Лондондағы бұл табыс SAF Qymyz үшін бір жыл ішіндегі екінші ірі жеңіс болды. Бұған дейін бұл жоба Нью-Йоркте өткен американдық DIELINE Awards 2026 сыйлығының «Low-alcohol and no-alcohol drinks» санатында алтын ұтып алып, бүкіл әлемнен келген 1500-ден астам үміткерді артта қалдырған болатын. Бір концепт үшін бір жыл ішінде екі халықаралық марапатқа ие болу – қазақстандық дизайн үшін сирек кездесетін прецедент.
Халықаралық қазылар алқасы этнографиялық өрнектерді емес, мәдени мағынаны дөп басып түсінуді атап өтті. Отандық өндірушілер үшін бұл маңызды дәлел: ұлттық өнім өз түбірі мен болмысын жоғалтпай, заманауи пішінде сыртқы нарықтарға сәтті шыға алады.
Жобаны дайындағандар:

-
Концепция және бренд-стратегия: Ырысты Ерден
-
Бренд-дизайнер: Рустам Сарсенов
-
Неймер: Акбота Ерден
-
Арт-директор: Анар Бакенова
-
Креативті копирайтер: Мария Сеилова
