Уақыт пен кеңістік параллель жүріп жатқандай әсер қалдыратын өңірлер болады. Қытайдың Синьцзян-Уйғур автономиялық ауданындағы Ақсу округі — дәл осындай мекен. Онда бір жағында ғасырлар бойы сақталған Жібек жолының көне дәстүрлері қайта жаңғырса, екінші жағында Гоби шөлінің төрінде болашақтың агротехнологиялары қолданысқа еніп жатыр. Тілшіміз Ақсу өңіріне жасалған арнайы пресс-тур аясында Куча мен Шая аймағының таңғажайып тұстарына куә болып қайтқан еді.
Цзя Сысе жазған «Хубин» және Кучадағы Наан қалашығы

Сапарымыз Куча қаласының орталығынан батысқа қарай жарты шақырым жерде орналасқан әйгілі «Үлкен наан қалашығынан» басталды. 2013 жылы іргесі қаланып, 2020 жылы ресми түрде ұлттық AAA деңгейіндегі туристік аймақ мәртебесін алған бұл мекенге жақындағанда-ақ мұрныңызға жаңа піскен қытырлақ нанның хош иісі келеді.
Мұндағы тарихи деректер таңғалдырмай қоймайды. Нан — бұл өңірдегі халықтардың негізгі ас-ауқаты ғана емес, Орталық Қытай мен Батыс өңір мәдениетінің біріккен үлкен мұрасы. Көне заманда ол «хубин» немесе «лубин» деп аталып, Хан дәуірінен бастап Сун әулетіне дейін кең танымал болған. Тіпті Солтүстік Вэй әулетінің атақты агрономы Цзя Сысе өзінің «Циминь Яошу» еңбегінде:
«Май мен балды ұнға қосып илеп, нан пісіретін пешке салады. Нан майлы, дәмді әрі ұзақ сақтауға жарамды», — деп жазып кеткен екен.

Бүгінде Кучадағы Наан қалашығы жай ғана өндіріс орны емес, тұтас этнографиялық шоуға айналған. Модернизациядан кейін мұнда ежелгі Цюцы мемлекетінің сазды әуендері мен билерін заманауи өнермен астастырған музыкалық-поэтикалық спектакль қойылады. Қонақтар ашық аспан астында ыстық нанның дәмін татып, көне Жібек жолының рухын сезіне алады.
>Шөлдегі 20 миллион юань: «Ақылды» өсімдік фабрикасы

Репортажымыздың ең технологиялық әрі сараптамалық түйіні — Куча қаласы Yongku Тонксин ауылындағы «Ақылды» өсімдік фабрикасы болды. Бұл — Гоби шөлінің ерекше климатына арналып салынған болашақтың ауқымды жобасы.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 20 миллион юаньды құрайды. Бұл қаржының 15 миллион юані орталық бюджеттен ауылды көркейтуге бөлінсе, қалған 5 миллион юані Нинбо қаласының Шыңжаңға көмек көрсету қорынан қарастырылған. Қазіргі таңда бұл қаражатқа 6 912 шаршы метрлік стандартты ақылды әйнек жылыжай толығымен бой көтерген. Жобаның техникалық серіктестері ретінде жабдықтар мен NFT гидропоника жүйесін әзірлеген «Ningbo Weilan Zhigu» компаниясы және Big Data арқылы цифрлық бақылау мен сатуды реттейтін «Kuqa Zhenxuan» жеткізу тізбегі операторы жұмыс істейді.

Гоби даласының құрғақ, әрі желді климатына қарамастан, кешен ішінде NFT гидропоникасы, толық спектрлі жасанды жарықтандыру және автоматты цифрлық басқару жүйесі орнатылған. Мұнда негізінен жапырақты көкөністер мен арнайы субстратта өсірілетін құлпынай өндіріледі.
Дәстүрлі егіншіліктен басты айырмашылығы:

- Өнімділігі 8–10 есе жоғары: Көгөністер топырақсыз, суда жыл бойы 18–20 рет айналыммен өсіріледі. Бір му жерден (0.06 га) алынатын өнім 10 тоннадан асады.
- «Үш нөл» (3-Zero) стандарты: Өнімдер толық жабық жүйеде өсетіндіктен, топырақтағы ауыр металдардан, зиянкестерден және химикаттардан ада. Өнім «пестицидсіз, ауыр металдарсыз, гормондарсыз» өндіріледі — теріп алған бойда жумай жеуге болады.
- Әлеуметтік әсері: Жобада жергілікті 20-дан астам тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған (оның 80%-дан астамы — ұйғыр ұлтының өкілдері). Фабрика ауыл бюджетіне тұрақты кіріс кіргізіп, агро-туризм мен оқыту-ағарту орталығын қатар дамытып отыр.
Такла-Маканның шегіндегі сулы тоғай: Шаяньчжоу
- Фото: Рымқұл Аружан/ SteppeNews.kz
Ақсу округіндегі сапарымыздың тағы бір жауһары — Шая уезіндегі «Шаяньчжоу» ұлттық 4A деңгейлі туристік аймағы. 42 шаршы шақырым аумақты алып жатқан бұл мекен — әлемдегі ең үлкен евфрат тораңғысы ормандары паркінің жүрегі.
Бұл жерде табиғаттың екі түрлі мінезі түйіскен. Бір жағында ғаламдағы ең қатал Такла-Макан шөлінің сары шағылдары созылып жатса, екінші жағында Тарым өзенінің салқын ағысы мен батпақты-сулы уазистері жатыр.
-

Фото: Рымқұл Аружан/ SteppeNews.kz Судың ортасында, шөлдің аптабында және тасты гобидің үстінде қатар өсіп тұрған тораңғы ағаштары өміршеңдіктің символы сияқты. Келген саяхатшылар мұнда шөл дала мен сулы-батпақты аймақты мекендейтін сирек құстарды тамашалап, табиғаттың ғажайып үйлесіміне куә болады.
-

Фото: Рымқұл Аружан/ SteppeNews.kz Куча мен Шаяға жасаған сапарымыз Синьцзянның даму қарқынын айқын көрсетті. Адамдар бір жағында екі мыңжылдық «хубин» нан өнері мен тораңғы тоғайларын көздің қарашығындай сақтап отырса, екінші жағында Гоби шөлінің қатал табиғатын бағындырып, 20 миллион юаньдық роботтандырылған «ақылды» фабрикалар салып жатыр. Бұл өңір — өткеннің тарихы мен болашақтың технологиясы тоғысқан бірегей мекен.
-

Фото: SteppeNews.kz 
Фото: Рымқұл Аружан/ SteppeNews.kz
